Қазақстан-Ресей: дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толды

  • 12
  • 11.11.2025, 15:02

Тату көрші, әрі сенімді серіктестер. Биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толды. Осы аралықта екі елдің байланысы тек көршілестікпен шектелмей, экономикалық, мәдени һәм білім салаларында да тереңдей түсті. Арада дорба емес, жорға жүретін деңгейге жетті. Биыл екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 17 млр доллар төңірегінде. Бұл сандарды енді 30 млрд-қа дейін жеткізу межесі тұр. 

Қазақстан мен Ресей. Көрші ғана емес, тарихы мен тағдыры тоғысқан екі ел. Қос мемлекет арасындағы байланыс тамырын тереңнен алады. Арадағы экономикалық және саяси ынтымақтастық күн сайын нығайып келеді. Бірақ бұл қатынас тек экономикамен шектелмейді. Халықтар арасындағы мәдени байланыс, өзара құрмет те маңызды орын алады. Екі елді әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара бөліп тұр. 

Бірақ бұл тек географиялық сызық қана. Себебі шекараның арғы бетінде де, бергі бетінде де ортақ мерекелер тойланып, аралас отбасылар құрылып, достық рухындағы кездесулер жиі өтіп тұрады. Көршілер арасындағы татулық - ұлттар арасындағы тыныштықтың бастауы. Сондықтан Қазақстан мен Ресейдің арасындағы шекара картаның сызығы емес, сенім мен сыйластықтың алтын көпірі.

Солтүстік пен Оңтүстікті жалғаған Қазақстан мен Ресей бүгінде достық көпірін берік қалаған. Арадағы байланыс та ажырамаған. Керісінше алыс-беріс күн сайын артып отыр. Биылдың өзінде қос ел арасындағы тауар айналымы 17 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткішті 30 млрд-қа дейін жеткізу міндеті тұр. Екі елдің Президенттері осындай уағдаластыққа келген.

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Біз Ресеймен әрқашан осындай саяси, экономикалық байланысымызды үзбейміз. Қазір Ресей Федерациясында әр түрлі қиындықтар бар, сыртқы саясатпен байланысты. Бірақ Ресей де, Қазақстан да өзінің сыртқы саяси қатынастарында ең алдымен ұлттық мүдделерінен шығады. Сондықтан осы принцип негізгі болып жатыр қазір. Бізде Ресеймен шешілмеген қазір мәселелер жоқ.

Іргедегі Ресеймен әріптестік сан салада қарқынды түрде дамыған. Маңызды бағыттардың бірі отын-энергетика. Қазір бұл салада тың жобалар да қолға алынып отыр. Мәселен, Қазақстанның солтүстік өңірлерін табиғи газбен қамту үшін Түмен облысында магистральді құбыр салу жөнінде шешім қабылданған. Бұл арқылы Қазақстанға жылына 10 млрд текше метр көгілдір отын тасымалданатын болады. Тағы айта кету керек, еліміз ұзақ жылдар бойы өз мұнайын Ресей арқылы Еуропа мемлекеттеріне сәтті тасымалдап келеді. 
 
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Жалғыз Каспий құбыры емес, басқа да Достық құбыры арқылы Германияға, мысалы, Шығыс Еуропа арқылы біздің мұнай барып жатыр. Біздің тағы бір үлкен бағыт – мына Балтық елдері арқылы. Ол жақта да көптеген қиындық бар. Осы бүкіл мәселелерді шешу үшін бізге Ресеймен осындай қарым-қатынастарды жүргізу керек. Себебі біз қалай балама жолдарды іздесек те, бәрібір Еуропаға ең жақын, ең жеңіл логистикалық жол Ресей арқылы, Ресей Федерациясының территориясы арқылы өтеді. 

Экономикадан бөлек екі ел білім мен ғылым кеңістігінде де өз өрісін кеңейтіп келеді. Бүгінде Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары Қазақстанда табысты жұмыс істеп, мыңдаған жасқа сапалы білім беріп отыр. Басымдық негізінен техникалық мамандықтарға берілген. Ал Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Томск сынды ғылыми орталықтарында білімін жетілдіруді жөн көрген отандастарымыз да аз емес. Қазір 60 мыңға жуық қазақстандық студент өз білімдерін шыңдап жатыр. Айта кету керек, орыс жерінде оқып жатқан жастардың саны жағынан Қазақстан алдыңғы қатарда тұр екен.

Талғат Мықтыбаев, Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының доценті, техника ғылымдарының кандидаты:

-Енді біріншісі – тіл жағы. Тіл жағынан, өйткені жаңағы біз мәдениет жағынан жақынбыз да.

Сол үшін келіп, оқып кету, алып кету жеңіл болып жатыр да. Енді есіңізде бар, Қытайға барса, Америкаға барса, мәдени несі басқаша көрінеді, басқаша болады. Аламын, бәрін әзірге сіңдіріп аламын дегенше, ол жастарымыз қиналып қалады. Ал бұл жерде сондай, ең бірінші менің көзім жетіп жатқан сол да.

Тату көрші, әрі одақтас мемлекет. Ауылы аралас, қойы қоралас болған қазақ пен орыс арасындағы байланыс шекаралас өңірлердің де тығыз ынтымақтастығымен де бекемдей түседі. Қазіргі таңда Ресейдің 76 өңірі Қазақстан облыстарымен тікелей әріптестік орнатқан. Ал қазақ басшысының мемлекеттік сапары екі ел арасындағы сенімді серіктестікті одан әрі нығайтып, жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.

Риат Шони, Марат Диханбаев, Асхат Серікұлы және Дулат Ентебеков