Елде «Қазақстан балалары» атты арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр

  • 24
  • 26.06.2025, 18:56

Елімізде «Қазақстан балалары» атты арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Құжатта өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған маңызды тетіктер ұсынылмақ. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта басында өткен алқалы жиында айтқан сөзі. Қазақстанда кәмелет жасына толмаған бала саны 7 млн-ға жуықтап қалды. Ал олардың құқығы қалай қорғалып жатыр және балаларымыз өздеріне міндеттелген жауапкершілікті біледі ме? 

Павлодар облысындағы балабақшада болған осы оқиға жаға ұстатқан еді. Балаларды қорғау тек ата-анасы не заңды өкілінің емес, біздердің яки қоғамның да міндеті. 

Бірақ кейде балаларды үлкендерден ғана емес, өз құрбы-құрдастарынан қорғайтын кез болады. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл буллинг. Біз келтірген екі мысал да заңға қайшы әрекеттің жиілеп кеткенін білдіреді. Ал оның алдын алу үшін алдыңғы шепте ювеналды полиция жүреді. Олар үй-үйді, мектеп, балабақшаларды, аулаларды аралап балаларымыздың құқығын қорғап, заңсыз әрекет жасауына тосқауыл болып келеді. 

Айсулу Иманова, Сарыарқа ауданы ПБ ЖПҚБ ЮПБ УПИ Полиция капитаны:

-Ювеналды полицияның негізгі міндеттері балалар мен жасөсіпірімдердің құқықтарын қорғау, олардың қайталама құқық бұзушылықтарына жол бермеу және профилактикалық жұмыс жүргізу ата-аналарымен, яғни заңды өкілдерімен. 

Ал егер де бала шалалық жасап, заңнан аттаса жазаның да оңай болмасын ескертеді. 

Айсулу Иманова, Сарыарқа ауданы ПБ ЖПҚБ ЮПБ УПИ Полиция капитаны:

-Әкімшілік жауапкершілікке бізде 14 жастан 16 жасқа дейін ата-аналары тартылады. 16 жастан әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жасөспірімдердің өзі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық жауапкершілікке аса ауыр қылмыс жасаған уақытта 14 жастан тартылады. 

Мәселе балаға келгенде, «Әй, қап!» деп аһ ұрғаннан гөрі алдын алған тиімді. Нақты мысал, былтыр Президент әйел құқы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды. Онда әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылық актілері үшін жауапкершілікті күшейтетін, отбасы институтын нығайтатын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін арттыратын нормалар енгізілді. Одан бөлек мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне «Заң және тәртіп» қағидатынан алыстамауға үйрететін қосымша сабақтар қосылды.  

Гүлжан Төлеу, С. Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің директоры:

-Әр дүйсенбі сайын бізде сынып сағаттары өтеді. Сол сынып сағаттарының 10 минуты қауіпсіздік сабақтарына арналған. Қауіпсіздік сабақтарының аясында буллинг, кибербуллинг, құқық бұзушылықтың, интернет-алаяқтықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі сияқты тақырыптар қарастырылған.  

Ел болашағы - бала қауіпсіздігі әрдайым Президент назарында. Апта басында өткен алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір мәрте осы мәселеге тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

-Келесі маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау. Осы бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалуда. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. 

Елдегі бала саны 7 млн-ға жуықтап қалды. Ендігі мәселе балаларымызды яғни, болашағымызды «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тәрбиелеп, адал мемлекет қалыптастыру.

Алуа Маханбет, Мұхаммедәлі Тілдебаев