Ұлытау облысында азық-түлік өндірісі артады

  • 45
  • 07.07.2025, 18:43

Ұлытау облысында әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің басым бөлігі сырттан тасымалданады. Сондықтан құны қымбат. Өңірде азық-түлік өндірісіне қатысты бірнеше жоба қолға алынды. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйене отырып, жергілікті өнім өндірушілерді қаржылай қолдау жұмыстары басталды.

Облыс экономикасы негізінен өндіріске тәуелді. Өңірде әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің ұн, нан, ет секілді небәрі 3 түрі ғана өндіріліп келді. Биыл бұл қатарға тауық жұмыртқасы қосылды. Ринат Ахтямов басшылық ететін құс фабрикасы облыстың жұмыртқаға деген сұранысының 30 пайызын жабады. Мұнда айына шамамен 1 млн дана жұмыртқа шығарылады. Болашақта кәсіпкер жылына 5 мың тонна құс етін өңдейтін кешен салуды жоспарлап отыр.

Ринат Ахтямов, құс фабрикасының директоры:

- Қазір тағы бір цехтың құрылысын бастадық. Сол арқылы жұмыртқа өндірісін екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Ал, келешекте біртіндеп ет бағытына ауысамыз. Ол үшін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жеңілдетілген несие алуға өтініш беріп қойдық.

Облыста экономиканы әртараптандыру мен өндіріске тәуелділіктен біртіндеп арылу мәселесіне аса маңыз берілген. Бұл бағыттағы алғашқы қадам – басты қажеттіліктегі азық-түліктің барлығын болмаса да, тең жарымын жергілікті жерде өндіру. Осы мақсатта қолға алынған тағы бір жоба – көкөніс шаруашылығы.

Данияр Арынғазин, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

-Мемлекет тарапынан беріліп отырған төмендетілген пайызбен біз шаруа қожалықтарымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл 400 гектарға көкөніс өнімдерін соның ішінде картоп егу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. тиісті қаражат инвесторлар алды.

Биыл өңір Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуды бастады. Мамандар бұл жергілікті өнім көлемін көбейтуге сеп болады дейді. Бағдарлама аясында бірнеше ірі жоба қаржыландырылады. Атап айтсақ, Жезқазғанда көкөніс сақтайтын қойма салуға, суармалы дақылдар мен көкөніс алқабын ұлғайтуға және Жаңаарқа ауданында 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын құруға жеңілдетілген несие беріледі.

Авторлар: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Нұрдәулет Аманкешов.