Жаңаөзен кәсіпкерлері жылыжайда құлпынай өсіріп отыр

  • 46
  • 07.07.2025, 18:40

Ысырапшылдыққа жол бермей, үнемшілдікке бет бұрған Жаңаөзен кәсіпкерлері жылыжайда құлпынай өсіріп отыр. Олар топырақсыз ортада жеміс көшеттерін егіп, жасыл желекті тамшылатып суару әдісімен аз уақытта жайқалтып шығарған. Биыл 8 тонна құлпынай жинауды жоспарлап отыр. Шалғайдағы аймаққа жеміс-жидектің 85 пайызы шетелден тасымалданады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұл жерде 6 жылыжай бар. Былтыр оларға 15 мың құлпынай көшеті егілген. Кәсіпкер кокос үгіндісі араласқан субстратта жеміс тез жетіледі дейді. Қазір жұмысшылар кезекті өнімді жинауға кіріскен.

Жылыжайда құлпынай егуді екі кәсіпкер бірлесе қолға алған. Олар жер үйдің іргесінен жоба құрылысын жүргізіп, құрал-жабдығын Қытайдан әкелген. 20-25 градуста тез өсетінін байқаған соң, жеміс көшеттері салқындатқыш жүйе арқылы тәулік бойы күтіп-бапталады екен. Дайын өнімді теруге 4 адам жұмысқа алынған.

Рашит Жомартов, кәсіпкер:

- Қазіргі таңда күн сайын урожай. Шыққан құлпынайды жинап, өзіміздің жергілікті дүкендерге тапсырудамыз. Осы құлпынайды Жаңаөзен қаласы бойынша біз бірінші болып бастағанбыз. Гидпоникалық әдіспенғ яғни тамшылатып сурау. Өзінің базовый питаниесі бар. Жыл бойына 8-9 тонна өнмі аламыз деген жоспарымыз бар.

Іскер азаматтар жыл он екі ай құлпынайдың 3 сұрпын өсіруді жоспарлап отыр. Былтыр қыста жылыжайда жылу болмағандықтан, ерекше кәсіп тоқтап қала жаздапты. Жылу құбырын жүргізу үшін жер орнының нысаналы мақсатын өзгерту қажет болған. Мәселенің шешілуіне өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары қол ұшын созыпты.

Ақиқат Шарапатдинов,  облыстық кәсіпкерлер палатасы Жаңаөзен филиалының директоры:

- Қазіргі таңда бұл өндіріс тұрғын үй аймағында басталған болатын. Ал субсидия алу үшін мұның нысаналы мақсатын ғана ауыстыру керек болды. Ол туралы ақпаратты бұл кәсіпкер білмеген. Және қала берді әлеуетін көріп бұл кәсіпкерлердің біздер қосымша жер алуына мүмкіндік жасап жатырмыз қазір қала әкімдігімен келісім жүргізіп, әрі қарай да бұл кәсіптің өрбитініне біздің сеніміміз кәміл.  

Жаңаөзенде өндірілген құлпынайдың жергілікті нарықта сатылымын бағамдау мақсатында дүкендерді араладық. Қала халқы негізінен шетелден әкелінетін жемістің енді қыс айлары да Маңғыстауда қолжетімді боларын естіп, таң қалысты.

Ләйла Ғимранқызы,  қала тұрғыны:

- Жаңағы әртүрлі дәмдеуіштер, нитраттар қосылмаған шығар деп ойлаймын, өзіміздің жерден шығып жатқасын.

 Фарида Тұрлыбайқызы,  қала тұрғыны:

- Әрине, өзіміздің жергілікті жемістерді жегеніміз жақсы. Көбейе берсін. Тек құлпынай емес, бұдан да басқалары шықсын.

Жаңаөзенде 12 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Бұл, былтырғы жылға қарағанда 20%-ға көп. Арасында сабын өндірісі, бассейнде ханбалық өсіру, жұмысшыларға арналған киім тігу секілді ерекше бастаманы қолға алғандар да бар. Отандық өнімдер «Қазақстанның үздік тауары» ұлттық байқауының өңірлік кезеңінде көрмеге қойылды. 

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.