СҚО-ның курорттық аймағы ірі экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін

  • 51
  • 23.07.2025, 18:58

Солтүстік Қазақстан облысының курорттық аймағы ірі экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін. Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында кәріз суын тазалау жүйесі жұмыс істемейді. Инженерлік желі әбден тозып, қалдықты зарарсыздандыру қондырғылары істен шыққан. Бұл мәселе қашан шешіледі? 

Саумалкөл ауылындағы №3 кәріз-сорғы станциясы 1982 жылы салынған. Нысан аудан орталығынан 120 мың текше метр ағын суын қабылдайды. Бірақ оны тазалау жүйесіне айдайтын қондырғылар істен шыққан. Қазір төрт сорғының орнына біреуі ғана тұр. «Ол сынса, ғимараттың іші кәріз қалдығына толады», дейді мамандар. 

Төлеу Ғабдуллин, коммуналдық кәсіпорынның бас инженері:

-Бір-ақ насоспен ғана жұмыс істеп жүр. Резервный насосы жоқ. Сол насос күйіп қалғанда, двигателі күйіп қалғанда бәрі тоқтап қалады. Бүкіл маңайларды су басып, мәселе сол оңдау керек. 

Ғимараттың ішіндегі иіс қолқаны қабады. Өйткені улы газды сүзгілеу қондырғылары жұмыс істемейді. Бұл жерге жиналған кәріз суы ауыл шетіндегі тазарту құрылысына ағады. Бірақ оның да жағдайы тым мүшкіл.   

Мына резервуар 2023 жылдан бері жұмыс істемей тұр. Содан бері кәріз қалдықтары не биологиялық, не химиялық тазартудан өтпейді. Ағын су сол күйі Қоскөл көліне барып құяды. Оның зардабын қарапайым халық тартып отыр. Саумалкөл ауылында 12 мың адам тұрады. Олардың айтуынша, аудан орталығын кәріз қалдықтарының иісі жайлап кетеді.  

Надежда Зубанёва, Саумалкөл ауылының тұрғыны:

-Жел соққанда, көше сасып кетеді. Үйде бүкіл терезені жауып қойып отырамыз. Кәріз тазалау жүйесі тозған. Арасында қондырғылары сынып қалады. 

Ауылда 50 шақырым кәріз құбыры бар. Оның бір бөлігі Шалқар-Имантау курорттық аймағынан өтеді. Қазір сорғы станциялары мен ағын суларды тазалау жүйесін жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжат әзірленген. Бірақ ол уақытында қаржыландырылмай, өзгертуге жіберілді.  

Бақытжан Жантілеуов, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:

-Өзгеріс өткеннен кейін экспертизаның уақыты бар. Бір ай ма, 45 күн бе өткеннен кейін осындай жобаға, осындай ақша керек деп сосын бізге жібереді. Сосын біз оны заявканы береміз. Облысқа жібереміз. 

Жобаның бастапқы құны 5,5 млрд теңге болған. Енді ол тағы қымбаттайтын сынды. Әзірге мәселенің қашан шешілетіні белгісіз. «Бәрі қаржының бөлінуіне байланысты», дейді шенеуніктер.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов