Өзбекстан-Ауғанстан дәлізіне қызығушы елдер саны артты

  • 37
  • 23.07.2025, 19:01

Қазақстан мен Өзбекстан Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік дәліз жобаларын дамытуға мүдделі. Әлемдегі геосаяси ахуал бұл істі барынша ширатуға итермелеп отыр. Аймақ елдері әсіресе Үнді мұхитына шыққысы келеді. Ауқымды жобаға іргедегі өзге де мемлекеттер атсалысуға ниетті. Жалпы Ауғанстанның логистикалық әлеуеті қандай? Елдің қазіргі билігі инвесторлардың капиталына кепілдік бере ме? 

Әлемдегі геосаяси шиленістер халықаралық көлік қатынасына зор шығын келтірді. Британдық сарапшылардың есебінше оның көлемі 320 млрд долларға жеткен. Қазір көптеген мемлекеттер жанама тразит жолдарын салып, жаңа бағыттар ашуға кірісті. Орталық Азия елдері де Ауғанстанды үнді мұхитына шығатын дәліз ретінде көреді.

Мұрат Икрамов, Ташкент экономика университетінің профессоры:

-Үнді мұхитына тікелей дәліз ашатын елдің бірі – Ауғанстан. Кез келген тасымал сол жол өтіп жатқан мемлекетке пайда әкеледі. Демек ауған тарапының бұл жобадан ұтары аз болмайды. Жалпы Орталық Азияға да берері мол. Өзара тауар айналымы артып, жүктерді жеткізу уақыты біршама азаяды. Тасымал құнына да едәуір әсер етеді.

Орталық Азия елдері Ауғанстан, Пәкістан және Парсы шығанағы мемлекеттерімен алыс-берісті арттыруды көздейді. Тәліптер шетел инвесторларының ауқымды жобаларға қаржы құюуын қуаттайды. Тіпті капиталдың қауіпсіздігіне кепілдік беріп отыр.

Нұриддин Азизи, Ауғанстанның өндіріс және сауда министрі:
«Біздің ел Орталық Азия, Пәкістан, Иран бастаған мемлекеттердің импортына тәуелді. Оңтүстік және Шығыс Азияны жалғайтын теміржол желісін іске асыру бойынша келісім бар. Бұл Ауған халқының арманы еді. Байланыс кезінде болған, бірақ үзілген. Сондай-ақ Қазақстан елдегі солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын дәлізді қалпына келтіргісі келеді. Бұл бастаманы да қолдаймыз».

Жуырда Қазақстан үкіметі Ауғанстан аумағымен өтетін Тургунди–Герат–Спинболдак теміржол жобасына 500 миллион доллар көлемінде инвестиция салуға келісті. Жоба Орталық Азияны, Иранмен және Пәкістанмен байланыстырады. Айтпақшы Ресей де Ауғанстан арқылы Пәкістанға мұнай экспорттауды көздеп отыр. Жоба жылына 1 млн тонна қара алтын сатуға мүмкіндік бермек.

Дулат Нуркин