Еліміздің еңбек нарығында жұмысшы мамандығын меңгерген азаматтарға сұраныс артып отыр. Әсіресе өндіріс, тау-кен, ауыл шаруашылығы саласында аса қажет. Ал қажеттілікті қамту үшін биылғы оқу жылына 77 мың грант бөлінсе, оның 22 мыңы инженер, қайта өңдеу және құрылыс саласына бағытталып отыр.
Биыл ғана колледж тәмамдап, қолына диплом алған Бағлан Арсланбек әзір тұрақты жұмыс таба қойған жоқ. IT-саласының маманы атанған ол ғаламторда сайт, мәліметтер базасы,мобильді қосымша құра алады. Дарынды жас әлі де ізденіп жақсы қызметке тұрмақ ойы бар. Сондықтан бүгін кезекті рет өткізілген бос орындар жәрмеңкесіне келді.
Бағлан Арсланбек, қала тұрғыны:
- Егер қатты таба алмай жүрсем, 1-2 жылға созылып кетсе, онда өзгертуге ойланып көрем деп ойлаймын. Өйткені қазір программистер, заңгер деген көп болып кетті ғой. Сондықтан егер де таба алмасам, құрылысшы, сантехник, машиналармен жұмыс жасайтын сондай-сондай жұмыстарды қарастырар едім.
Мұндай бос орындар жәрмеңкесі жыл басынан бері Астанада 30 рет өткен. Нәтижесінде жұмысшы мамандығын меңгерген азаматтарға сұраныс артпаса, кеміген емес. Мамандардың айтуынша, мұндай құбылыс екінші жыл қатарынан байқалып отыр. Бүгіннің өзінде 1600-ден астам жұмыс орнын ұсынған 37 кәсіпорынның арасында құрылысшы, қойма меңгерушісі, дәнекерлеуші секілді мамандарды іздегендері болды.
Бағила Орынбетова, «Мансап» орталығының басшысы:
- Жұмыс берушілер арасынан бізде көбінесе сұранысқа ие мамандықтар құрылыс саласындағы түрлі инженер мамандығынан бастап, қарапайым жәй жұмысшы мамандықтарға дейін сұранысқа ие болып жатыр. Сонымен қатар Астана қаласында қызмет көрсету саласы жақсы дамығандықтан, сатушылар мен даяшылар сияқты қарапайым жұмысшы мамандықтарына жұмыс берушілердің сұранысы жоғары. Жақсы білікті инженер немесе IT-маманы туралы айтсақ, қызмет көрсету саласында біздің еңбек порталында ең жоғарғы жалақыны 800 мың теңгеден жоғары көрсететін жұмыс берушілер бар.
Бүгінде қала бойынша 16 мыңнан аса азамат жұмыссыздар есебінде тұр. Ал жұмысшы мамандығын меңгерген азамат тек елдордада ғана емес, елдің бірқатар өңірінде де тапшы.
Эльмира Ерланқызы, Павлодар облысы Еңбек мобильділгі орталығының маманы:
- Павлодар облысында 307 бос жұмыс орны бар. Олар мұғалімдер, дәрігерлер және облыстағы зауыттарда көп вакансияларды қамтиды. Бізге дәнекерлеушілер, токарьлар, сварщиктер қажет. Мемлекеттік бағдарлама аясында Астана қаласына қоныс аудару туралы ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілуде. Әрбір азаматқа қаржылай көмек көрсетіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын қамтуға бағытталған шараларды қолға алған. Қазіргі қажеттілікті қамту үшін өтініш берушілерге өз мамандықтарынан өзге кәсіп түрлерін меңгеру ұсынылған.
Нысанбай Сисен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:
- Орта мерзімді болжамға сәйкес, 2025-2035 жылдарға дейінгі аралықта жалпы республика бойынша сұраныс 2,9 миллионға жуық кадрлар қажеттілік етеді. Соның ішінде жұмысшы мамандықтар саласындағы сұраныс 817 мыңға жуық кадр қажеттілік етеді. Жұмыссыздарды жұмыспен қамту – басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда министрлік тарапынан көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жастарға бүгінгі таңда «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» деген бағдарламалар арқылы жұмысқа орналастыру жүзеге асуда.
Елдің еңбек нарығына қажет мамандарды даярлау үшін бүгінде кәсіптік техникалық оқу орындарына тапсырыс беру артылған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Ақтөреев