Атбасарлықтар биыл жылудан таршылық көрмейді. Өйткені шағын шаһардағы орталық қазандықтың қуаты екі есеге дейін арттырылды. Мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды жүргізілмеген. Яғни орталық жылу беру нысанындағы 4 қазандық ауыстырылып, 5 шақырымға жуық жылу желілері жаңартылды. Оған республикалық қазынадан 8,5 миллиард теңге бөлінді.
Атбасар қаласында жалпы 16 жылу қазандығы бар. Соның ішіндегі ең ірісі мен негізгісі шағын шаһардағы 2 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етіп отырған осы орталық жылу мекемесі. Өткен ғасырдың 60-жылдары іргетасы қаланған бұл нысан осы уақытқа дейін ешқашан күрделі жөндеуден өтпеген. Уақыт сынына төтеп беріп келген ескі жүйе биыл толықтай жаңартылды.
Жалпы орталық жылу қазандығын жаңартуға екі жыл кетеді. Биыл екі жылу қазандығы ауыстырылып, іске қосылды. «Әзірге қаланы жылумен қамтуға олардың қуаты жетеді», – дейді мамандар. Ринат Нүриев, жылумен қамту мекемесінің басшысы:
-Қалаға жылу берілді. Әзірге бір қазандық істеп тұр. Екіншісі резервте. Орнатылып жатқан әр қазандықтың қуаты 30 гигакалория. Ал ескілері 15 гигакалориядан болған.
Қазандықтардың қуаты молайғандықтан, тиісінше жылу көзіне басқа да үйлерді, бизнес және әлеуметтік нысандарды қосуға мүмкіндік бар.
Бауыржан Бірімжанов, құрылыс учаскесінің бастығы:-Қазандықтарға көмір автоматты түрде жеткізіледі. Бұл адами ресурс пен уақытты үнемдейді. Екі жаңа қазандықтың құрылысын келер жылы аяқтаймыз. Барлық жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.
Жалпы атбасарлықтар қыстан қысылмай шығу үшін 70 мың тонна көмір қажет. Қазір соның жартысы жеткізілді. Ал облыс бойынша биыл 63 жылу қазандығы толық жаңартылып, 10 шақырымнан астам жылу желісі жөнделді. Бұл жұмыстарға 43 млрд теңге бөлінді.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный