Жоғарғы палата қоғамда үлкен резонанс тудырған Заңның 15-бабында жануарлар санын реттеу кезінде «эвтаназия» терминін қолданудан бас тартты. Әрі иесіз жануарлар санын реттеудің нақты тәртібі мен мерзімдерін әр өңірдің мәслихаттарына дербес айқындауды ұсынды. Сондай-ақ депутаттар мемлекеттік қызметке қатысты заңды қарады қарап, мақұлдады.
Бұған дейін Мәжілісте қаралған жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңды Сенат қабылдамады. Депутаттар атап өткендей, олардың санын реттеу кезінде «эвтаназия» терминін қолданудан бас тартқан жөн. Сондай-ақ 5 күндік мерзімді алып тастаған дұрыс. Себебі ол уақыт нақты иесін анықтауда аздық етуі мүмкін. «Бұны әр өңірдің мәслихаттары жергілікті жағдайды ескере отырып, өз бетінше айқындайды», - дейді. «Қаңғыбас жануар» ұғымы да нақтылауды қажет етеді. Депутаттар заңға бірқатар мазмұндық және техникалық түзетулер енгізілді.
Советбек Медебаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ұсынылып отырған өзгерістер аясында жануар иелерінің, оларды күтіп ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны, соның ішінде азаматтардың денсаулығына зиян келтірген жағдайларда жеке жауапкершілігін қандай шаралар арқылы күшейту жоспарлануда?
Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Қазір үй жануарларын ұстау, серуендету ережелерін бұзғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Ұсынылған өзгерістерде осы ережелерді бұзу, азаматтардың денсаулығына зиян немесе олардың мүлкіне залал келтірсе, жеке тұлғалар үшін 100 АЕК айыппұл көзделеді.
Сонымен қатар отырыс барысында «Мемлекеттік қызметі туралы» және оған ілеспе «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды. Белгілі болғандай, бүгінде елде 80 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Құжаттар жүйенің тиімділігін арттырып, салада білікті мамандар тапшылығын азайтуға бағытталған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру қажет екенін үнемі айтып келеді. Елдегі реформаларды сапалы жүзеге асыру жолында кәсіби мемлекеттік аппараттың рөлі айрықша екені анық. Осы ретте мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруді көздейтін жаңа жеке заң қабылданып отыр. Жаңа заң аясында мемлекеттік қызметке кірудің, оны өткерудің және тоқтатудың құқықтық тетіктері жетілдірілді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік және кәсіби кепілдіктерін күшейтетін нормалар қарастырылды. Бұл заңдар мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз.
Сондай-ақ бұл заң білікті маман тапшылығын азайтып, мемлекеттік қызметке деген халық сенімін нығайтуды көздейді.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Азамат Саметов