Қазақ әскерінің әлеуеті қандай?

  • 33
  • 07.05.2026, 19:32

Елімізде отандық зымыран өндірісі қолға алынады. Сондай-ақ әскери мамандықты меңгеріп шыққан студенттерге бірден «аға лейтенант» атағы беріледі. Қазақстан Қарулы Күштерінде тағы нендей өзгеріс бар? Қазақ армиясының бүгінгі әлеуеті қандай? Әскердің техникалық жарақтандырылуы заманға сай ма?

1992 жылдың 7-мамыры. Бұл ел тарихында таспаланған айтулы күн. Осыдан 34 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қойды. Осылайша алғашқы Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің жетекшілігімен Қарулы Күштеріміздің негізі қаланып, кадрлық негіз жасақталды. Алайда ел егемендігін алған бетте қорғаныс күштерін бір сәтте бөліп шығару оңай болмады. Өйткені жаңадан министрлік құрып, елдің қорғаныс доктринасын қабылдап, әскердің әлеуметтік және қаржылық жағдайын шешу оңай іс емес.

Абай Тасболатов, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант:

- Өте қиын болды. Офицерлер, бұрынғы славяндар өз елдеріне кетіп жатты. Тамақ та дұрыс болмады, киім де жоқ, жанармай да жеткіліксіз болды. Соның өзінде сол кезде Нұрмағамбетов Қорғаныс министрі болды, оған дейін Мемлекеттік қорғаныс комитетінің басшысы қызметін атқарды. Біз сол кісінің қарамағында болдық.

Қазақ – әскери өнерді ертеден меңгерген жауынгер халық. Содан болса керек, айбынды армия жасақтау жолындағы қиындықты аз уақытта-ақ еңсерді. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің құрамында 3 құрылымдық әскер бар. Олар: құрлық әскерлері, әуе қорғанысы және әскери теңіз күштері. Статистикаға жүгінсек, еліміздің әскери әлеуеті 300 мың адамды құрайды. Оның ішінде 110 мыңы белсенді әскери қызметкер, 135 мыңы резервтегі сарбаздар, ал 55 мыңы әскерилендірілген құрылымдар қызметкерлері. Әскердегі техника да кезең-кезеңімен жаңартылуда. 

Алпамыс Өтепов, ҚР Қорғаныс министрлігі Стратегиялық дамыту департаменті бастығының орынбасары, полковник:

- 2025 жылы біз Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберіндегі функция Президент Жарлығымен Қорғаныс министрлігіне берілді. Қорғаныстық кәсіпорын кешеніне бір табан жақындадық десек те болады. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы арқылы әскерлерді жаңа замануи қару-жарақтармен қамтамасыз етіп отырмыз. Оның ішінде 65 пайызы отандық өнім, Қазақстандағы кәсіпорындардан аламыз. Біз оны уақытында жаңартып отырмыз. 

Әрине, әскердегі жүйесіздіктер де ел арасында айтылып қалады. Министрлік мұны да ескерусіз қалдырған жоқ. Әскери қыз­мет­­тің ашықтығын арттыру мен сарбаздардың туыстарымен байланыста болуы үшін «Сарбаз+» жобасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ Armia.kz ақпараттық платформасы да құрылды.

Бүгінде Қазақстан әскері әлемдік әскери қуат рейтингі – Global Firepower 2026 бойынша 145 елдің ішінде 58-орынға жайғасты. Сарапшылар елдің әскер санын, техникасын, авиациясын, қаржылық мүмкіндігін және мобилизациялық ресурсын ескерген. Бұл көрсеткіш еліміздің әскери қуаты жоғары елдердің қатарында екенін көрсетеді. Жалпы тізімдегі алғашқы орындарды АҚШ, Ресей және Қытай иеленген. 

Алпамыс Өтепов, ҚР Қорғаныс министрлігі Стратегиялық дамыту департаменті бастығының орынбасары, полковник:

- 145 елдің арасынан 58-ші орын — жаман нәтиже емес. Оның ішінде әртүрлі факторлар ескеріледі: халық саны, әлемдік мұхитқа шығу мүмкіндігі бар-жоғы және тек әскерге қатысты емес басқа да көрсеткіштер.

Қазақстан Қарулы Күштері реформаланады 

Енді еліміздің Қарулы Күштері толық реформаланады. Әрі әскери мамандықты меңгеріп шыққан студенттерге бірден «аға лейтенант» атағы беріледі. Бұл туралы күні кеше Мемлекет басшысы Отан қорғаушы күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлінуде. Мен әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсырма бердім. Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр. Жалпы биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек. 

Қазақстан алдағы уақытта зымыран өндірісін құруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ұшқышсыз технология­лар бағыты белсенді дамып келе­ді. Сынақтардан сәтті өткен отан­дық «Sunqar» кешені армияға қа­­былданды. Осылайша қазақ армиясында ұлт­­тық технологиялық база қа­­лыптасып келеді.

Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов