Қазақстанда жаңа өндіріс орындары іске қосылды

  • 60
  • 20.07.2026, 19:34

Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импорт алмастыру. Елде осы бағытта жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Тек өткен аптада бірқатар жаңа өндіріс орыны пайдалануға берілді. Алматы облысының Қарасай ауданында металл конструкциясы мен бетон зауыты ашылды. Жоба құны 4,7 млрд теңге. Жылына 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон шығаруға қуатты. Ал Қызылорда облысы, Арал қаласында түйе сүтінен ұнтақ шығаратын кешен іске қосылған. Онда жылына шамамен 400 тонна өнім өндіріледі. Жобаны жүзеге асыруға 3 млрд теңге жұмсалған. Түркістан облысында ламинат өндіретін зауыт ашылды. Құны 5 млрд теңгелік кешенде жылына 840 мың шаршы метр өнім өндіріледі. Ақтөбе облысының, Алға ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Нысанның жалпы аумағы 3 мың шаршы метр. Онда тәулігіне 150 адамға дейін спортпен айналыса алады.