Елімізде цифрлық технологиялардың қарыштап дамуы ұлттық дүниетанымымызға да әсер етеді. Сондықтан қоғам жаңа дәуірге қадам басқанын ескеріп, берік құндылықтар жүйесін қалыптастыру маңызды. Бұл туралы Алматыда өткен «Заманауи қоғам құндылықтары жүйесі» атты дөңгелек үстелде айтылды. Сарапшылардың пікірінше, ұлттық мұраны сақтау үшін жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру керек.
Дөңгелек үстелге мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар мен қоғам белсенділері жиналды. Олардың басын қосқан тақырып – қазіргі қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі. Қатысушылардың байқауынша, адамдардың өмір сүру салты да түбегейлі өзгеріп барады. Мысалы, бұрын әрбір сәлемдесуде өзіндік әдеп болатын. Қазір дәстүрге жат әрекеттер жиілеген. Тіпті той-думандарда да шектен тыс ысырапшылдық байқалады. «Адамдар арасында материалдық жағдайды жария ету белең алып барады»,- дейді сарапшылар.
Асқар Жұмаділдаев, Қазақстанның Еңбек ері, академик:
- Қазақтар сол баяғыдан келген ата-бабасынан қалған әдетін сақтап. Оған бүгінгі заман талабына қарай жаңа бағыт бере білуі керек. Қазақи құндылыққа келсеңіз оның бәрі адами. Мысалы, үлкенді сыйла, оларды құрметте, адамгершілікті біл, қиыншылықта көмектес.
Талқылауда «Адал азамат» тұжырымдамасы да сөз етілді. Қатысушылардың пікірінше, бұл ұстаным адам бойында үш қасиетті тоғыстырады. Олар адалдық, жауапкершілік және заңға құрмет. Осы тұжырымдаманы ұстану арқылы құқықтық мемлекет қалыптастыруға болады. Ал заң мен тәртіп болмаса елдің дамуы екіталай.
Бекнұр Қисықов, экономист:
-Біріншіден кітап рухани байлық. Мысалыға қазір кітап оқитындар аз. Кітап терең ойды дамытады. Терең ой дамыса, рухани байлықта жоғарылайды. Сондықтан біріншіден кітап деп ойлаймын. Кітапты үйрену, кітап оқуды насихаттау.
Басқосу соңында қатысушылар ортақ пікірге келді. «Олар ел болашағы рухани құндылықтарды сақтаумен тығыз байланысты»,-дейді. Мемлекеттің дамуына үлес қосу әрбір Қазақстан азаматының борышы екенін алға тартты.
Ернұр Рысбай, Эдуард Кон