Шортанды ауданындағы аурухананың жөнделуін жергілікті халық көп күтті. Өйткені өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған нысанға бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Соның салдарынан тұрғындар медициналық көмек алу үшін басқа қалаларға баруға мәжбүр болатын еді.
Жұмабек Әбдірахманов, Шортанды ауылының тұрғыны:
- Баяғы кезде Астанаға, Көкшетауға баратын едік. Қазір медициналық көмекті осы жерден аламыз. Бұл бәрімізге, әсіресе қарт адамдар мен зейнеткерлерге өте керемет болды.
Халықтың көп жылғы қиындығы енді артта қалды. Қазір ескірген ғимарат толық жаңартылып жатыр. Нысанның едені мен қасбеті жөнделіп, су, жылу, кәріз, электр және байланыс желілері қайта тартылды. Аурухананы жаңғыртуға 1 млрд тг жуық қаржы бөлінді. Нысан алдағы айда пайдалануға беріледі.
Бекжігіт Сәрсенов, Шортанды аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Бұл Шортанды ауданы тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырады. Қосымша төсек-орындар ашылып, босану бөлімі қайта іске қосылады. Ауруханамызға КТ аппараты беріліп отыр. Қазір оған арналған ғимарат салынып жатыр. Жоспар бойынша КТ аппараты қазан айында іске қосылады.
Жалпы өңірде медициналық мекемелерді жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр екі аурухана жөнделсе, биыл төрт нысан күрделі жөндеуден өтуде.
Нариман Ермек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Биыл 4 аурухананы күрделі жөндеуге облыс қазынасынан 3,6 млрд тг бөлінді. Қазір Атбасардағы балалар емханасы мен Шортанды ауданындағы аурухананы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал Степногорск қаласы мен Ақкөл ауданындағы ауруханалар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Қосшы қаласында жеке инвестиция есебінен жаңа емхана салынып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар облыс орталығында 630 орындық көпбейінді аурухана салынып жатыр. Медициналық мекеме заманауи диагностикалық құрылғылармен жабдықталады. Нысан жеке инвестиция есебінен бой көтеруде. Аурухана келер жылы пайдалануға беріледі.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко