Павлодар облысының көрікті жерлерінің бірі – Жасыбай көлінің жағалауында модульдік құтқару бекеті іске қосылды. Жаңа нысан туристер көп шоғырланатын демалыс аймағындағы қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. Заманауи станция қандай құрал-жабдықтармен қамтылған? Құтқарушылар тәуліктік кезекшілікті қалай ұйымдастырады?
Жасыбай көлі – Баянауылға келетін туристер көп шоғырланатын орындардың бірі. Мұнда 50-ден астам демалыс орны бар. Туристік маусым қызған кезде көл жағалауында күн сайын мыңдаған адам демалады. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар министрлігі жағажайларды қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырып, құтқару бекеттерін кезең-кезеңімен күшейтіп келеді.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы:
- Құтқарушылар тәулік бойы қызмет көрсетуге әрдайым дайын болуы керек. Ол үшін олардың жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалып, барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жұмысты мұнымен тоқтатпаймыз. Алдағы уақытта әлі де көптеген нысанды жөндеп, қажет жерлерде жаңа бекеттер ашамыз.
Жаңа нысанның жанында арнайы техникаларға арналған ангар және бейнебақылау камералары орнатылған мұнара бар. Камералар құтқару бөлімшесінің басқару пультіне тікелей қосылған. Ал модульдік станция мамандардың тәулік бойы кезекшілік атқаруына қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Думан Қыдырмоллаев, ТЖД бастығының орынбасары:
- Жағалау бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Монитор арқылы суға түсуге рұқсат етілген аумақты бақылауға болады. Белгіленген аймақ көк жолақпен көрсетіледі. Егер адам рұқсат етілген аумақтан шығып кетсе, жүйе белгі береді. Сол кезде құтқарушылар дереу әрекет етіп, азаматқа кері қайту қажеттігін ескертеді.
Ең бастысы, құтқару станциясы су айдынына жақын орналасқан. Бұған дейін мамандарға шақырту түскен кезде Баянауыл кентінен жолға шығуға тура келетінеді. Енді құтқарушылар кезекшілікті курорттық аймақтың өзінде атқарады.
Азамат Қожайбердиев, Баянауыл аудандық ТЖБ бастығы:
- Барлығы 10 қызметкер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Күн сайын азаматтардан көмек көрсету, төтенше жағдайларға әрекет ету және түрлі мәселелер бойынша кеңес алу жөнінде хабарламалар түседі. Сондықтан бұл құтқару станциясының аудан үшін маңызы зор.
Жаңа технологиялар енгізіліп, қауіпсіздік шараларының күшейтілуін туристермен қатар жергілікті тұрғындар да қолдап отыр. Олардың айтуынша, ерекше қорғалатын табиғи аумақта құтқару қызметінің тұрақты жұмыс істеуі аса маңызды.
Қайрат Сарбасов, Баянауыл ауданының тұрғыны:
- Судағы кездейсоқ оқиғалар аз емес, бұған дейін суға кетіп, көз жұмған балалар мен жастар да болды. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін атқарылып жатқан жұмыстарға қуаныштымыз.
Модульдік станцияның іске қосылуы құтқарушылардың жұмысын жеделдетіп, төтенше жағдай кезінде көмекке барынша қысқа мерзімде жетуге мүмкіндік береді. Салтанатты рәсім соңында министрлік тарапынан құтқарушыларға жедел-құтқару көлігінің кілті табысталды.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков