Түркістан облысы қала жылыту маусымына дайын ба?

  • 7
  • 31.08.2026, 19:30

Былтыр Кентау қаласындағы жылу энергия орталығының қазандықтары толық жаңартылды. Үкіметтен 12 млрд теңге бөлініп, 6 қазандық қайта жаңғыртудан, тағы 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. Қазір Кентау мен Хантағы арасындағы 14 шақырымдық магистральды жылу құбыры ауыстырылып жатыр. Кенді қаланың алдағы жылыту маусымына дайындығы қалай?

Биыл қаланы жылумен қамтамасыз ететін №5 жылу энергия орталығындағы екі қазандық пен турбоагрегат ағымдағы жөндеуден өтті. Мамандардың айтуынша, бұл - жабдықтардың техникалық жағдайын қалыпты ұстап, жылу жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жыл сайын жүргізілетін жұмыс.

Сондай-ақ мамандар Үкіметтің қолдауымен қазандықтардың жаңартылып, жүйенің толық автоматтандырылуы жұмысты едәуір жеңілдеткенін айтады.

Мұхтар Мұхиддинов, №5 жылу энергия орталығы директорының кеңесшісі:

Бүкіл сегіз қазандық осы сегіз монитордан көрінеді. Қай жерде қандай температура автоматты түрде сақталуы керегі тәрізді барлық параметр көрсетілген. Мониторлар жұмыс істемей қалған жағдайда да осы жерден басқаруға болады. Жүйе автоматтандырылған. Бұрынғыға қарағанда жұмыс әлдеқайда жеңілдеді.

Бұдан бөлек, КентауХантағы тасжолы бойындағы диаметрі 630 мм болатын 14 шақырымдық магистральды жылу құбыры жаңартылып жатыр.

Қаладағы ішкі орамдық жылу желілерінің жалпы ұзындығы 130 шақырымды құрайды. Оларды жаңарту жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Былтыр алғашқы кезеңде 22 шақырым құбыр ауыстырылса, биыл 42 шақырым желіні жаңартуға 1,5 млрд тг бөлінді.

Айдар Ербаев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Қазір 42 шақырымның 35 шақырымы жаңартылды. Қабылдау рәсімі жүргізіліп жатыр. Кентау қаласы жылыту маусымына шамамен 90% дайын. Биыл екі кезең аяқталады. Үшінші кезең бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, енді қаржыландыру көздерін күтіп отырмыз.

Кентау қаласының әкімі, Жандос Тасов магистральды жылу құбыры мен ішкі орамдық желілерді толық жаңарту үшін Үкімет тарапынан қосымша қаржы қарастырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Жандос Тасов, Кентау қаласының әкімі

Ағымдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын толық атқарып жатырмыз. Қыркүйек айында жылыту маусымына дайындық паспортын аламыз. Қалада 340-тан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 30-ы ғана қалды. Қалған үйлерде қысыммен тексеру және жуып-шаю жұмыстары толық жүргізілді. Маусымға толық дайын боламыз деп жоспарлап отырмыз.

Жандос Жұмабек, тілші:

Ал Түркістан қаласында 18 орталықтандырылған және 77 автономды қазандық көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы Түркістан облысында 3100-ден астам әлеуметтік нысан мен көпқабатты тұрғын үй бар. Алдағы жылыту маусымында оларға 1 жылу-энергетикалық кешен, 34 орталықтандырылған және 2210 автономды қазандық қызмет көрсетеді.

Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов