Ақтаулық корей ұстаз Любовь Нам оқушыларды Абай өлеңіне баулып жүр

  • 7
  • 18.09.2026, 18:41

Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті қоғамға - шыншыл сөз" кітабында: «Біз Абайды және оның ой-толғамын кеңінен дәріптеп келеміз. Ол қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, «Толық адам» болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті».

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе». Ақтаулық мұғалім Любовь Нам оқушыларды Абай өлеңін оқуға баулып жүр. Ақын шығармаларын жастайынан сүйіп оқитын ол, сабақтан тыс кезде жоғары сынып оқушыларына танымдық үйірме сабағын өткізеді.

Любовь Нам хәкім Абайдың «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» деген өлеңін 5 жасында жаттады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған шағында ұлы ақын шығармаларын мәнерлеп оқып, ұстазын таң қалдырыпты. Бүгінде көркем сөз, өлең оқу арқылы балаларды қазақ тілін жетік меңгеруге баулып жүр.

Кәусар Әбдірақым, оқушы:

- «Мен өзімнің еліме қызмет етемін, мен патриот боламын» деген ниеті, өзі бұрын-соңды білмеген қазақ тілін оқуы, болашақта сол жолды таңдауы маған үлкен шабыт береді. Осы уақыттан бері өзімнің әдебиетке деген құштарлығымды ашып, әртүрлі сайыстарға қатысып жүрмін.

Корей қызы Любовь Нам Қызылорда облысы Жалағаш ауылының тумасы. Жоғары сыныпта жүргенде өзге ұлт өкілдеріне арналған облыстық, республикалық сайыста бірнеше рет жеңімпаз атанады.  Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған  маманның еңбек жолы Жаңаөзенде басталды. Білімді орыс тілінде алса да, Маңғыстау өңіріне келіп, қазақ тілін жетілдірген. 

Любовь Нам,  №35 мектептің директоры:

- Себебі ауызекі тіл - қазақ тілі. Ол маған көп көмек берді. Қазақ тілін білу, сөйлеу дәрежесі одан есеге жоғары өсті. Менің хоббиім осы Абай өлеңдерін, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқу арқылы қазақ елінің өмірі туралы білу, үйрену болды. Сол мақсатта жас маман бола тұра «Абай оқуларына» қатысып, Гран-при алған болатынмын. 

Жазира Әбдіжапар, тарих пәнінің мұғалімі:

- Тек қана ұстаздармен ғана емес, балалармен, ата-аналармен де жақсы қарым-қатынаста, мен бұл кісінің басқа тілде сөйлегенін көрген жоқпын. Тек қана қазақша тілдесеміз. Сырттан келе жатқанда жолымды кеспей тұрып, амандасады. Жалғыз маған емес, бүкіл ұжымға өзінің кішіпейілдігін көрсетеді.

Күнделікті қызметтен бос уақытын балаларға қазақ тілін дәріптеуге арнаған мұғалімнің ендігі мұраты - «Абай оқулары» шығармашылық байқауына шәкірт дайындау.  

Авторы:Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев