Шәуілдірлік ұстаз Лилия Линова қазақ тілін білудің маңызын түсіндірді

  • 6
  • 21.09.2026, 18:53

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей «Қазақ тілін білу - өте құрметті, абыройлы, биік мәртебе». Бұған бір мысал ретінде отырарлық Лилия Линованы айтсақ болады. Орыс ұлтының өкілі Шәуілдірдегі мектепте бастауыш сыныптарына сабақ береді. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақы салт-дәстүрді де ұстанады. Бұл үрдісті Лилияның әріптестері ұлттық сананың жаңғыруы және қоғамның рухани кемелденуі деп қабылдайды.

Лилия Линова бұл мектепте 26 жылдан бері жұмыс істейді. Бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп қана қоймай, шәкірттерінің бойына ұлттық рухты сіңіруге тырысады. Балалармен барынша тіл табысып, аналық мейірімін төгеді. Өзі қазақтың келіні болғандықтан, барлық салт-дәстүрді ұстанады.

Лилия Линова, Ш.Қалдаяқов атындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі:

- Менің жолдасым – қазақ. Өмірге екі бала әкелдім. Бір ұл, бір қызым бар. 37 жыл осы ауылда тұрдық. Мен қазір осы ауылды жерге үйрендім. Қалаға барған кезде сағынамыз ауылды, тез қайтуға тырысамыз. Келін алған кезде қызды ұзаттық. Үйге келіп беташар жасадық. Құдалық өткіздік. Құдалармен қазір жақсы араласып жатырмыз. Салттың бәрін орындадық.

Ұстаз осы уақытқа дейін жүздеген шәкірттің шырағын жағып, томағасын сыпырды. Түлеп ұшқан ұл-қыздары қазір әр өңірде түрлі салада еңбек етіп жүр. Қолына қалам ұстатып, әріп үйреткен алғашқы ұстазын оқушылары да құрмет тұтады.

Қаракөз Мақаш, мектеп оқушысы:

- Өзі орыс болса да күрделі тақырыптарды бізге қазақ тілінде түсіндіретін. Сол жағымен ол кісі өте жақсы ұстаз болды. Жұма күндері үнемі бізге жеті шелпек әкеліп, тәттілер әкеліп бізге беретін. Өзіміздің ұлтымызды, тілімізді, салт-дәстүрімізді ұмытпауымызды қадағалап отыратын.

Ұлттың тілін білу – ол қарым-қатынас құралы ғана. Ал сол ұлттың мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу – ұлттың рухани болмысын тану, - дейді Лилияның әріптестері. Сондықтан оның бойындағы қазақы құндылықтарды қадірлеуге деген талпынысы сүйсінтетінін айтады.

Фарида Спатай, Ш.Қалдаяқов атындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Ұлттық дәстүрді бойына сіңіріп өскен Лилия  қазір жұмыс барысында да отбасылық жағдайда да барлық жоралғыларды жасап жүреді. Оны ауылдастары әсіресе Наурыз мерекесі кезінде жасаған көжелерін, тары-талқандарын сүйсініп жейтінін мақтаныш етеді. Біздің ұлтымыздың дәстүрін, жоралғыларын жасап жүрген Лилияны мен өзі қатты құрметтеймін.

Лилия Линова мектептегі мәдени шараларға да белсене қатысады. Қазақстанның бейбітшілікті жақтайтын бастамаларына үнемі үн қосып, қолдау білдіріп отырады.

Лилия Линова, Ш.Қалдаяқов атындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі:

- Туған жерім – Қазақстан. Осы жерде өсем, өнем, ешқайда кетпеймін. Бірақ біз Қазақстанда тұрған соң қазақ тілін білуіміз керек. Қазақша сөйлеген кезде негізі есік тез ашылады. Өзім тұрған кезде қарайды орыс тұр ғой деп, қазақша сөйлеген кезде жылыйды. Басқаша сөйлейді, басқаша құрмет жасайды. Сондықтан барлықтарыңызға айтарым – қазақ тілін үйреніңдер, қазақша сөйлеңдер.

Қазақ халқының мінез-құлқы мен болмыс-бітімін жандүниесімен қабылдаған Лилияның ендігі арманы – өзі де сол ұлттың бір бөлшегіне айналу.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов, Ерболат Әбіш.