Дербес деректерді қорғау талаптары күшейді

  • 7
  • 21.09.2026, 18:38

Қоғамда заң мен тәртіп қағидаты аясында көптеген салада азаматтардың құқығын қорғау талабы күшейтілді. Мәселен, әлеуметтік желіге фото немесе бейнежазба жүктемес бұрын, енді бір сәт ойланып алған жөн. Себебі өзге адамның бейнесі болса, сіз заң талаптарын бұзған болуыңыз әбден мүмкін. 25-ші тамыздан бастап, Қазақстанда дербес деректерді қорғауға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді адамның бейнесі де, дербес деректердің идентификаторы ретінде қарастырылады. Бұл талап кәсіпкерлерге де, қарапайым әлеуметтік желі қолданушыларына да қатысты.

Телефон - әр адамның жеке мүлкі. Онымен қалағаныңызша фото және видео түсіруге ешкім шектеу қоймайды. Мәселе сол кадрде өзге адамдар болса оны әлеуметтік желіге жариялауда. Егер сақ болмасаңыз сіздің лайк пен қаралым үшін жасаған бір ғана әрекетіңіз өзіңізді кейін сотқа сүйреуі мүмкін. Себебі енді адамның бет-әлпеті мен бейнесі ресми түрде дербес деректердің идентификаторы болып бекітілді. Неге?

Дидар Тебаев, ҚҚДИ сарапшысы, ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары:

- Қазір адам өз бейнесі мен суретін түрлі қызметтерді алу кезін пайдаланады. Ол жеке куәлік, жеке сәйкестендіру номерімен парапар дерекке айналды. Сондықтан оны басқа адам сіздің рұқсатыңызсыз әлеуметтік желігі жариялауына тыйым салынды. Өйткені  алаяқтар соны пайдаланып сіздің атыңыздан анықтамалар алуы, несие рәсімдеуы сияқты әрекеттер жасалынуы мүмкін. Мұндай талап алдымен азаматтардың қауіпсіздігі үшін қабылдануда.

Сондықтан әлеуметтік желіге фото немесе бейнежазба жүктегенде басты қағида – кадрда өзіңіз ғана барсыз ба, әлде басқа адамның бейнесі көрініп тұр ма, соған назар аударыңыз. Бұл ереже қарапайым желі қолданушыларына, танымал блогерлерге де, кәсіпкерлерге де бірдей қатысты.

Дидар Тебаев, ҚҚДИ сарапшысы, ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары:

- Кәсіпкерлер көп жағдайда өз клиенттерін түсіріп жарнама жасап жатады. Мәселен шаштараз саласында шашын қидарған адамның бейнесін дейін және кейін деген жазулармен жариялайды. Бұл туралы ол адамға ескертіп, рұқсатын алу қажет. Егер оған ескертпей жарияласа. Азамат шағымдана алады. Соның негізінде кәсіпкерге жалпы сондай әрекетке барған барлық адамға айыппұл салынады.

Сонымен кездейсоқ өтіп бара жатқан жолаушы, мейлі сіздің дүкеніңізге келген тұтынушы болсын – оның бейнесін рұқсатсыз жариялауға болмайды. Дегенмен, бұқаралық мәдени, спорттық немесе өзге де жария іс-шараларға қатысушылардың бейнесін пайдалануға келісім талап етілмейді.

Сондай-ақ қазір елімізде вандализммен күрес мәселесі өткір тұр. ІІМ қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазулар мен суреттер салуға тыйым енгізіп, бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыруды ұсынып отыр. Ресми дерккке қарағанда қоғамдық кеңістіктер соның ішінде мәдени мұра ескерткіштері мен табиғи нысандарды бүлдіргені үшін 11 қылмыстық іс тіркеліпті. Еріктілермен бірлесіп есірткі граффитиі деп аталатын 80 мың сурет пен жазу өшірілді. Есірткіні насихаттағаны және жарнамалағаны үшін 19 адам сотталған.

Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Мейрамбек Қайыркелді.