Елімізде әлеуметтік көмек алу тәртібі өзгереді

  • 8
  • 21.09.2026, 18:39

Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылғанын», айтқан. Бүгін Премьер-министр Президент тапсырмаларын орындауға қатысты жауапты министрліктердің баяндамаларын тыңдады.

Мемлекет әлеуметтің әл-ауқатын арттыру жолында әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, алдымен «шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілуі тиіс» қағидатына негізделген және 36 төлемнің 14 түрін қамтитын мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне көшу үшін нормативтік база қалыптасады. Екінші кезеңде әлеуметтік көмектің 13 түрі мұқтаждық деңгейіне қарай 4 түрге біріктіріледі. Сондай-ақ мемлекет тарапынан ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс берілуі орынды екені ескеріледі. Бөбекжайлардағы орын санын көбейту және кіші жастағы балаларға арналған күтушілер тапшылығын шешу арқылы бала күтімі кезеңіндегі әйелдерге екі жыл ішінде көрсетілетін қолдау тәсілін жетілдіру қарастырылып отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Барлық бағыттар бойынша Үкімет пен өңір әкімдері ауқымды жұмыс атқаруы қажет. Шын мәнінде мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған заң қабылданды. Еңбек министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, мұқтаждық қағидаты негізінде әлеуметтік көмекті атаулы түрде көрсету жұмыстарын үйлестіру қажет.

Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету үрдісіне жасанды интеллект құралдарын енгізу нәтижелері баяндалды. Реформаға сәйкес енгізілген өзгерістер туралы биылғы 1 қазаннан бастап халыққа кезең-кезеңімен хабарлама жіберіле бастайды. Мемлекет денсаулық сақтау саласында да тұрғындарға көрсететін қызмет түрін сақтайды. Биыл ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға 1,6 трлн теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 1,7 трлн теңге қарастырылған. Соңғы жылдары амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін пациенттер саны айтарлықтай артқан. Мәселен 2018 жылғы 1,9 млн адамнан 2026 жылы 3,4 млн адамға дейін өсті

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Денсаулық сақтау, еңбек, мәдениет және ақпарат министрліктері өңір әкімдерімен бірлесіп, мемлекет кепілдік берген ақысыз медициналық көмектің көлемі бойынша ауқымды ақпараттық жұмысты ұйымдастырсын. Денсаулық сақтау және өнеркәсіп министрліктеріне есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғының отандық өндірісін ұйымдастыру бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Өңір әкімдері отандық өндіріс іске қосылғанға дейін жергілікті бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен балаларға арналған есту аппараттарын қаржыландыруды өз бақылауына алсын.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмыстар бірнеше бағытта жүргізіліп жатқанын баяндады. Жыл басынан бері экологиялық акцияларға 2 млн-ға жуық жас қатысқан. Мемлекеттік қолдаумен үкіметтік емес ұйымның 60-қа жуық әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында мамандандырылған эко-хабтар жұмыс істейді. Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы және экологиялық волонтерліктің жеке бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- «Таза Қазақстан» акциясы іске асыра бастағалы бері 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылған. 7 млн ағаш отырғызылып, 2 мыңнан астам волонтерлік жоба жүзеге асырылған. Енді Президент тапсырмасымен тазалықтың ұлттық стандарты бекітілмек.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбын Құсанбеков.