Инфрақұрылымды жақсарту үшін талай жоба жасалды. Олар қазірде іске асырылуда. Осы жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар 2 мың шақырымнан астам автомобиль жолын жөндеу және пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар елдегі I техникалық санаттағы автомобиль жолдарының ұзындығы 4 388 шақырымға, ал II санаттағы жолдардың ұзындығы 7 мың шақырымға жеткізілді. Бұл қарама-қарсы бағыттағы көлік ағындарын бөлуге және бетпе-бет соқтығысу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен Үкімет басшысы "ҚазАвтоЖол" басшысының есебін тыңдаған соң оған қатаң ескерту жасады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Баяндама жақсы, бірақ шешілмей жатқан проблемалық мәселелер өте көп. Оны айтпадыңыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі де сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Жолдардың сапасы жоқ. Жағдайды түзету керек. Түзетіңіз немесе бұл жұмыспен басқа адамдар айналысады.
Осы жерде мәселенің басын аша кетейік. Жолдың салыныумен қатар бізде оны күтіп-ұстау, тиісті сервис ұйымдастыру жағы ақсап тұр.
- Жүргізушілер сапасыз жолдарға, жарықтың нашарлығына, новигация мәселелеріне шағымданады. Бұл жол қауіпсіздігі деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Анықталған ақауларды жою жұмыстарының қарқыны баяу, уақтылы жөнделмейді.
Қауіпсіздікті арттыру үшін осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен жолдарда орташа жылдамдық деген ұғым енгізілген болатын. 12 учаскеде оны бақылайтын арнайы камералар орнатылды. Нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 10% қаза тапқандар саны 33%-ке жарақат алғандар саны 12% азайды. Жүйе тиімділігін көрсетті. Үкімет енді соның ауқымын кеңейтпекші.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Жыл соңына дейін республикалық маңызы бар тасжолдардың тағы 16 учаскесіне орташа жылдамдықты бақылау жүйесі орнатылады. Нәтижесінде бұл жүйе жалпы ұзындығы 5600 шақырымды құрайтын 28 учаскеде жұмыс істейтін болады.
Нұрлан Сауранбаев, ҚР көлік министрі:
- Жол апатының негізгі факторлары 35% жылдамдықты асыру. 12% арақашықтықты сақтамау. 11% көлікті басқара алмау, 8% қарсы жолға шығу. Осы факторларды төмендету үшін жүргізушілерді бақылауда ұстау қажет.
Бақылау үшін еліміздегі автоматты камералар саны 28 мыңнан 32 мыңға дейін артқан. Заң бұзушылықтарды анықтау үшін лазерлік жүйе, дрондар мен мобильді кешендер де қолданылады. Келесі жаңалығымыз таксиге қатысты. Рөлі оң жақтағы 70 мыңға жуық көлік тасымалдау процесінен шығарылыпты. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы көліктерге бақылау жасалып телефон ұстаған, сондай-ақ тізгінде 8 сағаттан артық отырған адамдар да анықталуда. Жалпы қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде жол апаты 5% төмендеді. Қаза тапқандар саны – 15, зардап шеккендер – 6% азайыпты.
Түн ішінде көлігі мен мотоциклін гүрілдетіп жұрттың мазасын алатын жүргізушілердің әрекеті де ерекше бақыланды. Жыл басынан бері осындай 782 дерек тіркеліпті. 55 адам қамауға алынды. Айтпақшы елімізде 2027 жылы жүргізушісіз такси қызметін іске қосу жоспарланып отыр. Мамандардың сөзінше қазір Алматы қаласында ол сынақтан өткізіліп жатыр екен.