Қызылорда облысында киберқылмыс 5% азайды

  • 6
  • 22.09.2026, 18:40

Қызылорда облысында киберқылмыс 5% азайды. Алайда алаяқтықтың түрі көбейіп кеткен. Жыл басынан бері 400-ден астам қылмыс тіркелді. Айласын асырғандар жасанды интеллектіні пайдаланып, дипфейк жасап, жеке деректерді де қолды еткен. Қазір өңірде қылмыстың алдын алу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстары күшейтілді.

Алаяқтар адамдардың жеке дерегіне қол жеткізу үшін аянып жатқан жоқ. Түрлі әдіс-тәсілді ойлап тауып, тіпті жасанды интеллектіні көмекші етіп алған. Бұл жағдай полицияны алаңдатып отыр. Сақтық шараларын күшейтпесе, қылмыс көбейіп кетуі мүмкін.

Тимур Хамитов, ОПД Киберпол басқармасы бастығының орынбасары:

- Көбінесе көптеген таралған дипфейктер бар, сіздің интернетте түріңізді, дауысыңызды алып, жалған түрде сөйлетіп қояды. Сол түрге алданбау қажет. Егер де сіз танитын адам болса, сізге хабарласып тұрса, дерек көзі, өзінің ұялы телефонына хабарласып, көз жеткізу қажет.

Интернет-алаяқтықтан сақтанудың басты жолы - цифрлық сауаттылық. Мамандар eGov платформасын пайдалануға кеңес береді. Мұнда әр тұрғын жеке мәліметінің қауіпсіздігін тексеріп, кибершабуылдан қорғануды тегін үйренеді.

Нұржан Жәкешов, облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы:

- ЕGov платформасының ішінде жаңағы айтып өткен «Номад Гуард», «Синтезен сейф» платформалары сол барлығы біріктіріліп, халыққа бір қосымшаның ішінде жаңағы қолжетімді болу үшін мүмкіндіктер берілді. Жаңағы phishing дейміз, көп жағдайда сілтемеден дұрыс өтпеу, сол гигиена ұстану бойынша видеосұхбат болады. Содан кейін сұхбаттан кейін тестілеу өтеді,  тесттен кейін халыққа сертификат ұсынылады.

Киберқылмыспен күреске Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де үлес қосуда. Мұндағы Жасанды интеллект институты болашақ мамандарды даярлайтын киберполигон әзірледі.

Нұрлан Құлмырзаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жасанды интелект институтының директоры:

-Бұл киберполигонның ерекшелігі – бұл боевой режимде отырып, студенттер өздерінің дағдыларын сынай алады. Бір-бірімен жарыса алады, бір платформаның ішінде отырып, біздің әртүрлі операциялық жүйелерімізге өтіп кетіп, яғни Kali Linux операционная жүйесіне өтіп, атака жасаушыдан қорғану үшін Parrot операциялық жүйесіне өтіп, сол жерден қорғана алып, әртүрлі режимдерде өздерінің қорғаныстарын тұрғызып, симуляция беру арқылы өздерінің дағдыларын жетілдіреді.

Қанша жерден күрес күшейгенімен, әр адам сақтық шараларын естен шығармағаны жөн- дейді мамандар.  Сондықтан  жеке деректерді бөгде жанға бермей, құпия кодтарға әрдайым мұқият болуды ескертеді.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев