eOtinish жүйесі арқылы өтініш жолдағандар саны, биыл 9 айдың өзінде 4 жарым миллионнан асты. Бұл мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығына ат салысып отырған азаматтар санының артқанын көрсетіп отыр. Жалпы халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын орнықтыру бағытындағы қадамдар, бірінші кезекте азаматтың мүддесіне құрылғандықтан жемісін бере бастаған.
Заң үстемдігі, құқық бұзушылыққа төзбеушілік деген ұғымдар бір қарағанда ұран сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның түпкі мәні сайып келгенде әрбір азамат өз құқығын қорғай білсе, өзіне қолайлы орта үшін мемлекеттік органдарға уәж айта алса, соның өзі жеткілікті. Ал ол үшін құзырлы орындардың табалдырығын тоздырып, табаннан таусылудың жөні жоқ. Цифрлық мүмкіндіктер жасалған. Басты құрал ұялы телефон, қалғанын заң өзі реттейді.
Азаматтардың құқықтарын қамтамыз етуде заң талаптарын үстем ететін тетік Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің енгізілуін айтуға болады. 2022 жылы күшіне енгелі бері бюрократия мен бостандықтың күресі соңғыларының пайдасына қарай ойыса бастады.
Жамаладен Ибрагимов, заң ғылымдарының докторы:
- Осыған дейін азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы сот процессі азаматтық процессуалдық кодекс негізінде жүргізілетін тұғын. Ол жерде екі тарап сотқа бірдей қатысады. Бірақ мемлекеттік органның құзыретінде үлкен департамент болады, заңгерлердің басқармасы болады. Сондықтан да сот процессі кезінде қарапайым азаматтың жеңу мүмкіндігінің пайызы өте төмен тұғын. Міне осы рәсімдік процесстік кодекстің қабылдануымен бірге енді азамат өзінің шағым өтінішін береді. Ал мемлекеттік орган соттың алдында бұл шешімнің заңдылығын өздері дәлелдейді.
Ал егер Мемлекеттік органның шешімі заңды болса, азаматқа қарсы ешқандай санкциялық шара қарастырылмайды. Яғни бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын ілгерілетудегі реформаға татитын қадам десек болады. Себебі шенеуніктердің заңсыздығынан азаматтарды қорғауға бағтталған тәуелсіз әкімшілік соттар құрылды. Соттың белсенді рөлі қағидаты енгізлді, Яғни судья енді тараптарды тыңдаушы емес, азаматқа көмектесуші. Мемлекеттік органдарға ақшалай айыппұл салу тетігі енгізілді. Нәтижесінде мемлекеттік органдар мен азаматтар және бизнес арасында сот даулары соңғыларының пайдасына қарай шешіле бастады. Қазір ол 60%-ға жетті. Оған арқау болған тағы бір тетік – цифрлық шешім.
- Цифрлық біздің платформалар, Е-Өтініш бар, Соттардың жүйесінде Е-сот төрелігі деген арнайы жүйелер бар. Яғни барлық қазіргі таңда мемлекеттік шешім шығаратын құқық қорғау органдары тарапындағы цифрлық платформалар, азаматтардың тарапына қабылданатын шешімдердің үлесін арттырады. Өйткені әрбір қабылданған шешім, әрбір мемлекеттік қызметкердің, чиновниктің тарапынан рәсімделген шешімнің енді цифрлық ізі болады.
Әсем Исабекова , «ҰАТ» АҚ сыртқы коммуникациялар бағытының басшысы:
- eOtinish пайдаланушылар саны жыл сайын өсіп келеді. 2022 жылы платформа арқылы 1,8 млн өтініш түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5 млн-нан асты. Ал 2026 жылдың 9 айында 4,5 млн-нан астам өтініш түсті. Негізінен, пайдаланушылар абаттандыру және көгалдандыру, кәсіпкерлік қызмет, мемлекеттік кірістер, құқықтық сипаттағы шағымдар мен өтініштерге байланысты жүгінеді.
Атап өтетін жайт өтініштер бір жүйеде тіркеледі. Азамат оның қай кезеңде екенін онлайн бақылай алады. Бұл мемлекеттік органдармен кері байланысты ашық әрі ыңғайлы етті. Биліктің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланбауы, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуі және азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау мемлекеттің басты мұраты десек ол жоғарыда атап өткен әкімшілік әділет, одан бөлек жоғары прокурорлық қадағалау, ведомстволық бақылау және конституциялық бақылау тетіктерімен іске асады. Яғни мемлекеттік органдардың шешімдері ата заң талаптарына қайшы болса, онда да азаматтар конституциялық сотқа шағымдана алады.
Берік Дүйсенбай, Таир Мерекенов