Заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару мүмкіндіктері кеңейеді

  • 10
  • 23.09.2026, 18:32

«Біздің басты бағдарымыз айқын. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты». Осы бағытты ұстанған Қазақстан шет елдерге жылыстаған ел қаржысын қайтаруға күш салып келеді. Оның біраз бөлігі қазір ел игілігіне қажетті нысандарды салуға жұмсалып та жатыр. Енді заңсыз жолмен алынған активтерді елге қайтару мүмкіндіктері кеңеймек. Бүгін Құрылтай депутаттары өзара құқықтық көмек туралы, Еуропа конвенциясын ратификациялады. Жалпы бұл мүмкіндікке қол жеткізу үшін мемлекетіміз соңғы 25 жыл бойы ұмтылыс жасап келгенін айта кету керек. Енді қазынаның қаражатын қалтаға басып, қыр асқандарды құрықтау мүмкіндігі молаюы тиіс. Оған қандай тетіктер жол ашады.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Соңғы 25-30 жылда елдің аузынан жырып, офшорлар арқылы қыр асырылған қаражаттың сомасы жаға ұстатарлық. Шамамен 140-160 млрд доллар делініп жүр. Бүгінге дейін 1,1 трлн тг немесе 2,45 млрд доллар қайтарылса, 6,5 трлн тг немесе 14,5 млрд доллар мақұлданған. Бұл ұзақ мерзімді процесс, бюрократиялық кедергілер, сәйкесінше сең баяу қозғалып келеді. Себебі Еуропа аясында әрбір мемлекетпен жеке келіссөз жүргізілетін. Енді бір оқпен екі қоянды ататын кез келген сияқты.

Ғалымжан Қойгелдиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Біз 2001 жылдан бері СІМ-н осы конвенцияға қосылу үшін бірқатар жұмыстар атқардық. Былтыр маусым айында осы конвенцияға қосылуға шақырту қағазын алдық. Бүгінгі таңда 50 мемлекет конвенцияның мүшесі болып саналады. Олардың 22-мен Қазақстан осындай екіжақты келісімшарттарға қол қойған. Енді бұл конвенцияны ратификациялаудан кейін, тиісінше қалған 28 мемлекетпен осындай екіжақты келісімшарттарға қол қоюдың негізі болмайды

Құрылтайшылардың алдында сөз алған бас прокурордың орынбасары сөйледі. Сөйлегенде бүй деді. Конвенцияға қатысушы мемлекеттер талаптар сақталған жағдайда өзара негізде бір-біріне қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуге міндетті. Екі тарапта да заңсыз әрекет жазаға лайық деп танылса, біздікілер мүлікті іздестіруге, оған тыйым салу туралы сұрауларды орындауға құқылы. Ал іске қатысуы туралы шақыру қағазы 50 күн бұрын табысталуы тиіс. Қысқасы Конвенцияға кіретін 50 мемлекетпен арада енді еркін ықпалдастық жүреді.

Айжан Аймағанова, ҚР Құрылтай депутаты:

- Бүгінде қылмыстар бір мемлекеттің шегінде қалмайды. Дәлелдмемелер, куәлар, жәбірленушілер, күдіктілер мен активтер әр елде болуы мүмкін. Сондықтан тергеп-тексерудің тиімділігі қажетті мемлекеттерді шетелден жедел алуға және процесстік әрекеттерді уақтылы жүргізуге байланысты европалық мемлекеттермен құқықтық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді

«Заң мен тәртіп», «Таза қазақстан», «Адал азамат» бастамаларын өз алдына жеке науқан ретінде емес, ортақ құндылықтар жүйесі ретінде қарастыруымыз керек. Яғни Конституциялық құндылықтар ретінде қоғамда орнығу үшін мазмұн тәсілдері жаңартылып, білім беру, мәдениет, БАҚ және цифрлық коммуникация салаларында іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеуге сұранып тұр. Әділет фракциясының депутаттары Конституциялық құндылықтар ішкі саясаттың барлық бағыттарынан көрініс тауып, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жоспарлау кезінде олардың қоғамға ықпалы міндетті өлшем ретінде белгілеуді ұсынуда.

Үнзила Шапақ, ҚР Құрылтай депутаты:

- Әлемдік тәжірибе де конституциялық мәдениеттің тек құқықтық нормалар арқылы қалыптаспайтынын көрсетеді. Германияда конституциялық құндылықтарды қорғау демократиялық құқықтық мемлекеттің маңызды негіздерінің бірі ретінде қалыптасқан. Сингапур ұлттық бірегейлік пен азаматтық жауапкершілікті ортақ құндылық ретінде білім беру жүйесі арқылы орнықтырады. Финляндия азаматтық білім, медиасауаттылық пен сыни ойлау арқылы ортақ құндылықтардың күнделікті өмірде көрініс табуына мән береді. Бұл тәжірибелерге ортақ қағида – құндылықтарды декларация немесе ұран деңгейінде қалдырмай, мемлекеттік саясат пен қоғамдық өмірдің нақты мазмұнына енгізу.

Түн ортасы қала көшелерінде көлікпен жарысып түрен салатындардың дәурені бітуі мүмкін. Әділет партиясының депутаттары бұл жағдайды елемеу әділетсіздік деп отыр. Айтуларынша құзырлы орындар мазасы қашқан тұрғындардың талап тілектерін тіркеп қоя салса, несіне халық үніне құлақ асатын мемлекет дейміз, нақты шаралар қабылдау қажет дейді. Кендебай Адамбектің пайымнша тұрғын үй аумақтарында көлік жарыстырып, от шашу ұйымдастырып, шулайтын жастардың әрекеті адам төзгісіз екен.  

Кендебай Адамбек, ҚР Құрылтай депутаты:

- Рұқсат етілген шу деңгейінің асып кетуін автоматты түрде анықтау үшін арнайы акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу. Түнгі заңсыз жарыстардың жолын жедел кесу үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру. Түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаның оның салдарына және азаматтардың қалыпты өмір сүруіне тигізетін әсеріне қаншалықты сай келетінін қайта қарау. Жолдағы құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеу. Бұл ретте қоғамды әдейі және ашық түрде құрметтемеудің нақты белгісін, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау тәртібін белгілеу.

Әділеттіктер түн тыныштығын бұзғандарға көзделген қолданыстағы жазаның әділеттіліне шүбә келтіргендей болды. Яғни 21625 теңге айыппұл, заң мен тәртіпке мойынсұнуға қаншалықты мәжбүрлейді деген мәселе ғой. Бұл сайып келгенде, халықтың пікірі мен тұрғындардың тыныштығын құрметтеудің мәселесі дейді, құрылтайшылар.

Авторлар: Берік Дүйсенбай, Аманжол Байғазин.