Елімізде жүргізуші куәлігін алуға ниетті азаматтар үшін емтихан тапсыру тәртібі өзгерді. Жаңа талаптар теориялық және практикалық сынақтардан өте алмаған үміткерлердің қайта емтихан тапсыру мерзіміне қатысты.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Жаңа ереже бойынша сынақты бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ басқарма бастығының орынбасары:
- Бұл шара емтиханға қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр. Сонымен қатар теориялық емтиханды тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмасаңыз, теориядан алған нәтижеңіз сақталады. Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтиханды тапсыру қажет.