Павлодардағы 6 мыңға жуық адам еңбек ететін «Қазақстан алюминийі» зауытында өндірісті жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңа технологиялар енгізу мен цифрландыруға басымдық берілді. Жақында галлий өндіретін жаңа цех ашылды. Президент халыққа Жолдауында осы сирек металдарды игеру мен өңдеудің маңызы туралы айтқан еді. Ауқымды жоба өндірістің жаңа бағытын дамытуға және құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Өңірге барған Құрылтай депутаттары зауыт жұмысшыларымен кездесіп, Жолдаудың негізгі бағыттарын бірлесе талқылады. Олар «Халықтық құрылыс» жылы өңірдегі өндіріс орындарына жаңа міндеттер жүктелетінін айтты.
Жарқынбек Амантай, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Сирек металдардың мол қорына ие мемлекет болғандықтан, экономикамыздың негізгі қозғаушы күштерінің бірі енді осы сала болмақ. Мемлекет басшысы да: «Сондықтан мұны өндіру аса маңызды», – деп, бұл мәселеге ерекше мән берді. Енді зауыт қабырғасында сирек металдардың бірі саналатын галлийді өңдейтін арнайы бөлім ашылғанын естіп отырмыз. Бұл дегеніміз – алюминий болсын, басқа металл түрлері болсын, отандық өнеркәсіп тек экспортқа бағытталмауы керек. Ең алдымен, ішкі қажеттілігімізді қамтамасыз етуге жұмыс істеуі қажет.