Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жастармен жүздесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады. Жиынға жас кәсіпкерлер, өнер мен кино саласының мамандары, блогерлер, ғалымдар мен зерттеушілер, спортшылар және журналистер жиналды. Министр Жолдауда айқындалған негізгі міндеттерге кеңінен тоқталып, мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын атап өтті.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Менің түсінуімше, бұл Жолдаудың мәні мен мағынасы – заман өзгеріп, әлемде тарихи өзгерістер болып жатқан кезеңде қазақ мемлекеттілігінің өміршеңдігін сақтау және алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылу үшін не істеуіміз керектігін айқындау. Сонымен қатар мәдениетіміз қандай болуы керек, менталитетіміз бен өмірге деген көзқарасымыз қалай қалыптасуы тиіс деген маңызды сұрақтарға жауап беретін құжат деп қабылдадым.