Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

ALMATY Hike: тауда адасқандарды іздеу жеңілдейді

  • 5
  • 04.11.2026, 18:30

Алатау баурайына қызығатындардың саны жыл сайын артып келеді. Енді тауға шығу бұрынғыдан әлдеқайда қауіпсіз. Қазір Алматы қаласының аумағында АLMATY Hike цифрлық платформасы жұмыс істеп тұр. Жүйенің басты мақсаты – Төтенше жағдайлар департаментінің жұмыс сапасын арттырып, қиын жағдайға тап болғандарға тез арада көмек көрсету.

Аып тауларға қызығушы туристер саны жылдан-жылға артып келеді. Тау қойнауы қандай әдемі болса, қауіп-қатер де көп. Тек биыл 700-ден аса адам құтқарылыпты. Оның 151 кәмелетке толмағандар. Өкінішке қарай, 7 адам тауда қайтыс болды. Енді саяхатшылардың қауіпсіздігі цифрлық жүйе арқылы бақыланады. Тауға шығатын кез келген адам Аlmaty Hike платформасына қандай шыңға барады, қай жолмен жүреді, қашан қайтады – осы мәліметтің барлығын енгізу қажет. Егер айтқан уақытта оралмаса, құтқарушылар дереу іздеуге кіріседі.

Дәулет Бекмұхамбетов, ТЖД басқарма бастығының міндетін уақытша атқарушы:

– Мысалы, бұрын мұндай сайт болмаған кезде хабарлама келіп түскен кезде, мысалы, Сәтбаев шыңы десе, сол шыңның маңының барлығын қарайтын едік. Ал қазіргі таңда Сәтбаев тіркелген уақытта біз тек қана сол бағытпен тез арада көрсетілген маршрут пен адамды тауып аламыз.

Мамандардың айтуынша, цифрлық платформа іздестіру жұмысын екі есе қысқартады. Төтенше жағдайда уақыт алтыннан да қымбат. Сайт әзірге пилоттық жоба режимінде істеп тұр. Тәжірибелі адамдар бұл бастаманы қуана қабылдады.

Валерия Чивжель, қала тұрғыны:

– Алматыда тауға апаратын соқпақтар көп. Күрделі жолмен биік шыңға шығатын болсаң, мұқият дайындық қажет. Тауда түрлі жағдай болуы мүмкін. Ауа райы бұзыла бастаса, бірден кері қайту керек. Қазір жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше мән берген жөн. Ата-аналары қайда және қандай жолмен бара жатқанын білуі тиіс. Себебі тауда адасып жатқан жастардың саны артып келеді.

Аlmaty Hike сайтын енгізбес бұрын құтқарушылар арнайы дайындықтан өтті. Электронды жүйе үш тілде қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта ауа райы жайлы және басқа да маңызды мәліметтер енгізіледі.

Бекзат Үшкемпір, тілші:

– Электронды сайтқа телефонмен QR кодты сканерлеу арқылы қосылуға болады. Одан кейін өзіңіз жайлы толық мәлімет қалдырасыз. Ал мұндай тақтайшалар қаланың туристер көп шоғырланатын аймақтарында орналасқан. Соңғы бес жылда Алматы тауларында 2000 адам құтқарылған. Оның ішінде 300-ден аса адам жарақат алған, 400-ге жуығы кәмелет жасына толмағандар. Ал 40-қа жуық адам көз жұмған.

Бекзат Үшкемпір, Валентин Лобанов