Жамбыл облысындағы жұмыссыз жастар кәсіпкерлікке бет бұрды
Жуырда 20 адам қайтарымсыз грант алып кәсіпкер атанды. Өз ісін бастауға ниеттеніп, еңбекке араласқан азаматтарға 35,5 млн теңге үлестірілген. Қаражат алғандар негізінен өндіру, өңдеу ісіне ден қойып отыр.
Нұржан Оңалбеков шалғайдағы Ұйым ауылында шағын құс шаруашылығын ашты. Ол кәсіптің осы түрін теледидар арқылы көріп, өз ісін бастауға бел буған. Алайда қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып, біраз бос жүріп қалыпты. Кейін жаңа бизнес үшін қайтарымсыз грант барын естіп, аудандық әкімдікке жүгінді. Сәті түсіп жобасы демде мақұлданды. 1,5 млн теңге қайтарымсыз грант алып, қазір шаруасын дөңгелетіп отыр.
Нұржан Оңалбеков, кәсіпкер:
- Жемін, жылы суын береміз. Күтімі жақсы болса жұмыртқаны да жақсы береді. Ал мына бөденеге келетін болсақ, бұл нәзік әрі ерекше құс күтімді де ерекше қажет етеді. Енді-енді үйреніп, көбейіп келе жатыр.
Шағын кәсіп иесі қорасында 250 тауық, 100 шақты бөдене асырап отыр. Келешекте санын көбейтіп, өнімді аудандық нарыққа шығармақ. «Бірақ әзірге сұраныс аз. Жұрт бөдене жұмыртқасының пайдасын толық түсінбей отыр», – дейді ауыл кәсіпкері.
Нұржан Оңалбеков, кәсіпкер:
- Ол денсаулыққа өте пайдалы. Іш құрылыс, асқазанға ем болады. Емдік қасиеті бар екенін білетіндер ауыл тұрғындары өздері келіп алып жатыр.
Жалпы қайтарымсыз гранттар байқау негізінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында беріледі. Былтыр оған 58 адам қатысып, 20 жоба үздік шыққан.
Бейсен Шалабаев, Сарысу аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:
- Негізгі ұтып алған азаматтардың кәсібі өндіруге, өңдеуге бағытталды. Мұның ішінде қауынқақ өндірісін дамыту жобасы, құрылыста қолданылатын қолғап шығару бар. Бұлардың барлығы бүгінгі күнге қажетті құрал-жабдықтарын алып, өзінің кәсіп ашатын орынжайларын дайындап, кәсіп ашуға кірісті.
Айта кету керек, бұл байқауға тек қана инновациялық бағыттағы бизнес идеялары бар азаматтар қатыса алады. Жыл басынан бері 18 адам 40 млн теңгенің жобасын ұсынып, құжаттарын өткізіп қойды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев