Ақтөбедегі балалар үйінде тәрбиеленген тұл жетімдер баспанаға зәру
Көпшілігінің ет жақын туысы жоқ. Сондықтан кәмелет жасына толғаннан-ақ жалдамалы пәтер мен саяжайлардағы лашық үйлерді паналауға мәжбүр. Тұрақты баспанасы болмаған соң, ресми тіркеле де алмай жатады. Бұл екі қолға бір күрек ұстап, нәпақа табуға да кедергі болып тұр. Өз бетімен бұл мәселенің шешімін таба алмаған жандар, жергілікті билікке әлеуметтік желілер арқылы да көмек сұрап, үндеу жазған.
Ақтөбе облысындағы бірнеше балалар үйінде тәрбие алған Юлия Мальзам әлеуметтік мекемемен осыдан он жыл бұрын қош айтысқан. Содан бері пәтер жалдап тұрады. Ал мына қуықтай бөлмені бөбектеріне жаны ашыған жұбайының жақындары уақытша паналауға беріпті. Өткен жылы үшемді дүниеге әкелген анаға шаһардың бұрынғы әкімі баспана мәселесімен көмектесуге серт берген.
Юлия Мальзам, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
- Үш бөбегіммен перзентханадан шыққан сәтте-ақ пәтер кезегіне тіркелдім. Ол кездегі кезекті нөмірім он мыңның төңірегінде болатын. Сондықтан мемлекет қорынан баспана алам дегенше балаларым әскерге баратын болар. 20 жылдай күтуге тура келеді.
Ақтөбеде мұндай жағдайға душар болған балалар үйінің ондаған тәрбиеленушісі бар. Құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып шаршаған олар волонтерлер мен қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр.
Жиналғандардың айтуынша, пәтер кезегі өте баяу жылжиды. Өз бетімен қаражат табуға жұмысқа орналасу үшін тұрғылықты мекенжайына тіркелу тағы қажет.
Екатерина Голотина, волонтёр:
- Менің бір түсінбейтінім, балалар үйінен шыққан азаматтар пәтер кезегіне тұру үшін тұрғылықты жерінен тіркелгендігі туралы анықтама алып бару керек. Ата-анасы мен жақындары жоқ жандар оны қайдан алады? Жұмысқа орналасқанда да осындай қиындық туындайды. Кәмелетке енді толған кезде осындай тығырыққа тіреледі.
Қазір Ақтөбеде 24 мыңнан астам азамат әлеуметтік пәтер кезегіне тіркелген. Оның 1700-і жетімдер. Соңғы рет бұл топқа баспана 2018 жылы үлестірілді. Онда да 16 адамға ғана берілген. Айта кету керек, Ақтөбе облысы – еліміз бойынша құрылысы қарқынды аймақтардың бірі. Тек өткен жылдың өзінде шамамен 1 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді.
Жандос Әлімов, Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- 2016 жылы 40 пәтер, 2018 жылы 16 пәтер берілсе, 2017 жылы және 2019 жылы бұл санаттағы азаматтарға пәтер берілмеген. Себебі 2019 жылы арендалық үй тапсырылған жоқ. Қарғалы тұрғын массивінде үйлер салынды. Бірақ ол – кредиттік үйлер. Ол кредиттік үйлерді біз кезектегі тұрған азаматтарға бере алмаймыз.
Биыл өңірде әлеуметтік әлсіз топ өкілдеріне арнап 250 пәтер салу жоспарланған. Оның 50-і ғана балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тиесілі. Қалғандарына билік өз кезегін күтуге кеңес береді. Немесе түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несиемен сатып алуды ұсынуда.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков