Хабар телеарнасы

Көкшетау өңірінде дәрігер тапшылығы өткір сезілуде

dariger

Алайда мемлекет тарапынан қажетті шаралар жасалып жатқаны белгілі. Мысалы қазір Ақмола облысының ауруханаларында акушер-гинеколог, неонатологтар мен педиатрлар жетіспейді. Бас-аяғы 400-ден астам маман тапшы. Соның салдарынан ақ халаттылардың жұмыс жүктемесі белгіленген көрсеткіштен асып кеткен. Тіпті бір маман үш дәрігердің жұмысын атқаруға мәжбүр.

Облыстық балалар ауруханасының кезекші дәрігері тәулігіне 150-ге жуық науқасты қабылдайды. Денсаулық сақтау министрлігінен келген комиссия мүшелері осыған көз жетікзген. Тексеріс нәтижесінде облыстағы кей ауруханаларда үш дәрігердің жұмысын бір маман атқаруға мәжбүр екендігі анықталған. Төтенше жағдайларда ақ халаттылар науқасты қабылдаудан бас тарта алмайды.

Ризагүл Құсайынова, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Жедел көмек көрсету бөлімінің педиатр-дәрігерінің тәуліктік жүктемесі бір балаға 20 минуттан келу керек. Орташа есеппен 96 баланы қабылдауы шарт. Бізде тәулігіне 130 бала қаралады. Жергілікті емханаларда хирург, лор-дәрігерлердің жетіспеушілігінен педиатрға ауыртпалық түседі.

Емханаларда да педиатрларға үлкен салмақ түседі. Онда жұмыс істейтін бала дәрігерлерінің саны штатта бекітілген көрсеткіштен 5 есеге кем. Жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілгенімен, олар аурухана, емханаларда жұмыс істеуге құлшыныс танытар емес.

Ризагүл Құсайынова, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Физикалық және психоэмоционалдық ауыртпалық салдарынан төрт дәрігер жұмыстан шығып кетті. Олардың орнына әзірге тек бір маманды қабылдадық. Дәрігерлерді тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мамандарды тұрғын үймен қамтып, көтермеақы береміз.

Дәрігер тапшылығына аймақтағы бала өлімі көрсеткішінің жоғарылығы себеп болуы мүмкін. Медицинадағы оқыс оқиғалар да кері әсерін тигізуі ықтимал. Тексеріс жүргізген комиссия облыстағы 6 емдеу мекемесі лицензиясыз жұмыс істеп жатқанын анықтады. Ал 15 дәрігердің сертификаты жоқ болып шықты. Бұл олқылықтардың орны қашан толтырылады? Әзірге белгісіз.

Сауалымызға нақты жауап ала алмағандықтан, салалық басқарма басшысының орынбасарына хабарластық. Ол сырқаттанып қалғандықтан, телефон арқылы түсінік берді.

Тұрғангүл Бишораева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бала өліміне қатысты әр оқиғаның себеп-салдарын анықтаймыз. Баланың шетінеп кетуіне анасының денсаулығы байланысты болуы мүмкін. Бала өлімін алдын алу үшін мамандарды нәрестелерді күту бойынша оқытамыз. Жуырда Литвадан профессорларды шақырдық. Тексерістен соң Ақмола облысы бойынша комиссия мүшелері тиісті жұмыстарын атқарды.

Жауапты мамандар: «Кадр тапшылығы алдағы жылдары шешімін табады», – деп уәде берді. Бар үміт студенттерде. Бүгінде облыстық бюджеттен бөлінген грантпен 300 жас білім алуда. Олардың 5-еуі биыл жұмысқа қабылданады. Қалғаны 4 жылдан соң екі қолға бір күрек табады. Бала өлімі бойынша Ақмола облысындағы жағдай жаман емес. Өйткені өзге аймақтарда жоғары көрсеткіштер тіркелген. «Өңір қайғылы рейтингте ортаңғы орында. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ», – дейді мамандар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Азамат Қазжанов, Анатолий Полянны, Евгений Шинкаренко