Түркістанда жаңадан салынған этноауыл бой көтерді
Бұл кереметтің барлығын Түркістандағы жаңадан салынған этноауылдан көруге болады. Мұнда орта ғасырдан бастап көшпенділер дәуірі, қазақ хандығы мен кешегі ХІХ ғасырға дейінгі қазақ халқының өмір сүру салты, тұрмыс-тіршілігі толық көрініс тапқан. Мәселен, шебер ауылында он саусағынан бал тамған 40-қа жуық ағаш ұстасы мен темірден түйін түйген шеберлер тері илеп, кілем тоқитын ісмерлер отырады. Олар келген қонақтарға ұлттық бұйымдардың қалай жасалатынын көрсетіп, технологиясымен таныстырады. Ал көшпенділер асханасында халқымыздың ғасырлар бойы тұтынып, бүгінде ұмыт болған ас-ауқат түрлері қайта жаңғыртылып, халыққа ұсынылады. Көшпенділер тұтынған тағам түрлері мен олардың жасалу жолдары этнограф-ғалымдардың көмегімен қалпына келтірілмек.
Айко Төкен, ұйымдастырушы:
- Мұнда көшпенділер тұтынған тағам түрлерімен танысуға болады. Олар қандай ас ішті? Қалай тамақтанды? Бүгінге дейін ұмыт болған 80-нен аса ас-ауқат түрі көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, көшпенділер асханасының құпиясымен бөлісеміз. Сондықтан барлық қазақстандықты Наурыз мерекесін Түркістанда қарсы алуға шақырамыз!
Рашид Аюпов, қала әкімі:
- Жыл сайын бұл жерде этноауыл тігіледі. Жалғыз киіз үй емес, форматын өзгертейік деген ой келген болатын. Этноауылда арнайы актерлер болады. Олар біздің тарихымыз бен мәдениетімізді таныстырады. Бұл жерде XIV, XV, ХІХ ғасырлар да бар. Мақсатымыз – келген қонақтарға, тұрғындарға сол замандағы өмірді көрсету, сол арқылы туристерді тарту.