Шетелге барып келген үш адамнан COVID-19 вирусы анықталды
Аталмыш инфекция қазақстандық үш азаматтан анықталды. Олардың біреуі ер адам, екеуі әйел. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ресми түрде мәлімдеді. Осыған орай елде барлық қажетті сақтық шарасы басталып, «Б» жоспары күшіне енді. Вирусты жұқтырғандардың екеуі Франкфурттен Алматыға, ал біреуі Миланнан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келген. Олардың аты-жөні, шетелге қандай мақсатпен сапарлап барғаны әзірге белгісіз. Бірақ үшеуі де әуежайдағы жолаушыларға арналған жалпы терминалдан өткен. Елжан Біртановтың айтуынша, пациенттерден коронавирус инфекция анықталысымен дереу ауруханаға жатқызылған. Қазір қажетті ем-дом шараларын қабылдап жатыр. Министр: «Елімізде төтенше жағдай енгізуге әзірге ерте», – дейді. Алайда науқастармен бір бортта ұшып келген және байланысқа түскен 500-ге жуық азаматты ҰҚК мен полиция қызметкерлері іздестіруде.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біздің протокол бойынша санитарлық жұмыстар жасалуда. Біріншіден, олардың бәрін тізім бойынша анықтап, хабарласып, карантинге алу. Сонымен қатар кейбір азаматтар карантинге қарсы болып, қызметкерлерге немесе полиция қызметкерлеріне қарсы шықса, қосымша әкімшілік бұзушылық бойынша қажетті шаралар қабылданады.
Министрдің айтуынша, коронавирусты жұқтырған алғашқы науқас 9 наурыз күні, ал қалған екеуі 12 наурызда ұшып келген. 9 наурыз күні рейспен жалпы саны 73 жолаушы келсе, ал 12-сі күні қонған ұшақтың бірінде 12, екіншісінде 90 жолаушы болған. Министр қандай да бір мәселе туындап жатса, кез келген уақытта 1406 нөміріне хабарласуға болатынын ескертті. Сондай-ақ елімізде коронавирус инфекциясының тіркелуіне байланысты дүрлігіп, дабыра салудың қажеті жоқтығын айтты. Қазір елімізде медициналық препараттар, дезинфекциялық құралдар және медициналық қызметкерлер жеткілікті. Коронавирусты анықтау үшін бүгінге дейін 5 мыңдай тест пайдаланылды. Қорда оның тағы 9 мыңы бар. Сондай-ақ министрлік коронавирусты анықтауға арналған 100 мың тестке тапсырыс беріп отыр. «Сақтық шараларын әр адам өзінен бастау керек», – дейді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазақстандықтарға айтар біздің кеңесіміз, көп халық қатысатын шараларды тоқтатып, қатыспау. Мектеп бойынша шешім қабылданды. Қазір балалбақшаны жабу бойынша шешім қабылдаған жоқпыз. Егер жағдай нашарласа, осындай шара қабылдаймыз немесе өңірдің басшысы өзі қабылдауға құқығы бар.