Ел аймақтарында антисептик бағасы қаншалықты қымбат?
Республика бойынша олардың ең қымбаты Қызылордада. Бір данасы 800 теңгеден сатылып жатыр. Өскемен мен Семейде 600 теңге тұрады. Ал Петропавлда 500 теңге. Қарағандыда бұдан 50 теңгеге арзан, яғни 450 теңге. Талдықорған, Тараз және Түркістанда баға бірдей 350 теңгеден екен. Ең арзаны Шымкент пен Ақтөбеде. Ондағы баға 300 теңге төңірегінде. Орал, Алматы және елорда тұрғындары антисептиктің орнына спиртті қолданып жүр. Оның бағасы 90 мен 160 теңге аралығында.
Иә коронавирустың алдын алу жолында алдымен өзің қорғанып қана қоймай, жақындарыңды және өз ортаңды қорғау міндет. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ол үшін бірнеше ережені ұстанып, барынша сақтануға шақырады.
Сабын мен суды аямай, қолды жиі жуып жүріңіз. Қол жуу мүмкін болмаса, спиртті дезинфекциялық құралды пайдаланыңыз. Көз, ауыз, мұрынға қолыңызды тигізбеңіз. Жөтеліп, түшкірген адамнан бір метр қашықта жүріңіз. Қол алыспай-ақ ымдасып, қол бұлғап қана амандасқан дұрыс. Карантин уақытында саяхаттан бас тартып, адам шоғыры көп жерге бармаған жөн. Қосымша сұрақтарға Денсаулық сақтау министрлігінің 1406 Call-орталығы жауап береді. Дәрігерлер бас ауырып, мұрын бітеліп, ыстығыңыз көтерілсе немесе жүрек қағуы жиілеп, тыныс алу қиындаса, дереу 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыруға кеңес береді.