Президент төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссия отырысын өткізді
Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді. Ол мұндай бастамаға банктердің түсіністікпен қарайтынына сенім білдірді. Өйткені карантиннің кесірінен елдегі кәсіпкерлік нысандардың 80% жұмысын тоқтатты. Халық табыс көзін жоғалтты, отбасыға кіретін кірісі азайды.
Табысынан айырылғандардың тұрмысын көтеру үшін билік оларға тағы да ай сайын жәрдемақы тағайындауды ұйғарып отыр. Жалпы коронавирус тудырған дағдарысты еңсеру үшін ел билігі 10 млрд доллар бөлінгенін айтады. Бұл қаржы қайда, қалай жұмсалатынын Президент жіпке тізгендей етіп көрсетіп берді. Ал елдегі қазіргі жағдайдың ауырлығын жете түсінбеген жауапты басшыларға бір ғана жол бар: қызметімен қоштасады.
Жаһандағы жағдай жақсарар емес. Көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан коронавирустың шеңгелі бүкіл әлемді бүріп барады. Әлем бойынша індетті 300 мыңнан астам адам жұқтырды. Сыры беймәлім сырқаттың географиясы кеңейген сайын қауіп те күшеюде. Біздің билік қарап жатқан жоқ, сақтық шараларын қамдап жатыр. Елде төтенше жағдай жарияланды. Екі қалада карантин режимі енгізілді. Мұның бәрі – дер кезінде қолға алынған шаралар. Енді халық сол тәртіпке бағынса игі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елорда мен Алматыда карантиндік аумақты толықтай қоршауда ұстау, қалаға жаяу кірушілердің де жолын кесу маңызды. Сондай-ақ тез арада тағы қандай ірі елді мекендерді жабу керектігін анықтау керек. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін менің Жарлығыммен халық көп жиналатын нысандардың жұмысы тоқтатылды. Түрлі мерекелік шаралар өткізуге тыйым салынды. Дегенмен шектеудің жиі бұзылатындығын көріп отырмын. Осы жылдың 16 наурызынан бері Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында төтенше жағдай режимін бұзған 18 факті тіркелді. Кінәлі тұлғаларға ескерту берілді және айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді барынша қатаң санкцияларға көшетін кез келді.
Әлемдік тәжірибе денсаулығында кінәраты бар, созылмалы аурумен ауыратын 55 жастан асқан азаматтарға қауіптің жоғары екенін көрсетіп отыр. Президент мұндай азаматтардың жұмысқа шығуын барынша шектеуді тапсырды.
Бүкіл қызмет онлайн режимге көшеді. Ал қашықтықтан жұмыс істеу үшін ең керегі – интернет. Сондықтан Президенттің тапсырмасымен төтенше жағдай кезінде мобильді байланыс, интернет, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге шектеу болмайды. «Тіпті төлем жасалмаса да, байланыс қызметтері үзілмеуі керек», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда барлық интернет-ресурстар тегін болу тиіс. Бұған дейін мен карантин кезеңінде халыққа коммуналдық қызметтер төлемін төмендету бойынша тапсырма берген едім. Алматы әкімдігі жедел әрекет етіп, тиісті шешім қабылдады. Енді Мемлекеттік комиссия жалпыреспубликалық жүйелі шаралар әзірлеуі қажет. Өйткені халық бізден осындай шараларды күтіп отыр. Бүгін азаматтар менің тапсырмаларымды таныстыруға және оларды жүзеге асыруға шұғыл кірісуі тиіс.
Бұған дейін Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары негізінде банкке берешегі барлар айыппұл мен өсімпұлдан босатылған еді. Өйткені халық табыс көзін жоғалтты, кірісі азайды. Президент қаржылық ұйымдардың төтенше жағдай кезеңінде азаматтардың барлық несиесін уақытша тоқтата тұруын тапсырды. «Бұл істі қағазбастылыққа салынып, сағыздай созудың реті жоқ, тапсырма алдағы екі күнде күшіне енуі тиіс», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Банктер бұған түсіністік танытады деп ойлаймын. Қазір көптеген азамат қаржылық жағдайының қиындауына байланысты банктік емес ұйымдарға, ломбардтарға, онлайн кредиторларға, микроқаржылық ұйымдарға кепілсіз несие алу үшін жүгінуге мәжбүр. Сондықтан бұл саланы тәртіпке келтіру маңызды. Қиын жағдайда әрбір қазақстандық өзінің мемлекет тарапынан қорғалатынына сенімді болуы қажет.
Қауіпті дерттің салдарынан отандық бизнес те дүлей дауылға тап болғандай күй кешуде. Карантиннің салдарынан кәсіпкерлік нысандардың 80% жұмысын тоқтатты. Шамамен 500 мыңдай адам жұмысынан айырылды. Сондықтан Президент шағын және орта бизнес өкілдерін де айыппұл мен өсімпұлдан және салықтың барлық түрінен, басқа да міндетті төлемдерден 3 айға дейін босатуды тапсырды. Бұл жұмыс әрі кетсе, бір аптаның көлемінде шешілуі керек. Ал елдегі төтенше жағдай режимі аяқталғанша, жұмыссыз қалған азаматтарға жәрдемақы төлеуді тапсырды. Алдын ала есеп бойынша бұл көмекке шамамен 1,5 млн қазақстандық ілінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған тұлғаларға ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінде 42500 теңге жәрдемақы беруді тапсырамын. Егер қажет болса, көмек аясын кеңейтіп, соманы ұлғайтуға біздің қорымыз жеткілікті. Мемлекеттік комиссия төлемнің тиімді, ашық түрде жүргізілуін қадағалау керек.
Қазір барлық аудан мен қалаларда азық-түлік пен қажетті тауарлардың қоры жеткілікті. Десе де әр облыстың әкімі жоғары сұранысқа ие тауарларға нақты есеп жүгізуі керек. Президент бұл тұста формалды тәсілге салынбауды қатаң ескертіп отыр. Бизнес өкілдері кейбір тауарларға қатысты дүрбелең мен алдауға жол бермеуі керек.
Тапшы тауарларды сөреге шығарарда алыпсатарлық жол беріп, бағасын өсіргендер жазасыз қалмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыруды 1 трлн теңгеге дейін арттыруды тапсырдым. Бұл – 6% мөлшерлемемен берілетін қомақты қаражат. Мұны инвестициялық мақсаттар үшін пайдалануға болады. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті 8% несиелендіруге 600 млрд теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасын» қаржыландыруға кемі 300 млрд теңге бөлуді тапсырдым. Өңірлерден келіп түскен өтініштерге қарай біз оны тағы 1 трлн теңгеге дейін ұлғайта аламыз. Бұл 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Карантин кезінде бір ғана Алматының өзінен 102 мыңнан астам адам ауыл-аймаққа кетуге мәжбүр болды. Бұл – студенттер, базарлардағы жұмысшылар және түрлі қызмет көрсету орындарының қызметшілері. Жалпы еліміз бойынша осы тәрізді сауда, туризм және қоғамдық тамақтану орындарында 1,5 млн-нан астам қазақстандық жұмыс істейді екен. Жұмыссыз жастар енді өңірлердегі су тасқынына қарсы шараларға, көктемгі егіс жұмыстарына, құрылысқа тартылып, оларға қажетті жалақы төленуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кейде табыстың жоғалуы адамдарды қылмысқа итермелейтіні анық. Сондықтан құқықбұзушылықтың алдын алуды тапсырамын. Ол үшін жергілікті полиция инспекторларының қызметін күшейту керек. Пандемия жағдайында ұлтаралық жанжалдар ескерусіз қалды. Бірақ алда көктемгі егістік науқанының келе жатқанын ескерсек, суармалы жер мәселесіне қатысты қақтығыстар туындауы мүмкін. Маған барлық болған жағдайды хабарлап отыруды ескертемін. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі халықтың әлеуметтік желілердегі көңіл-күйіне мониторинг жасап отыруы керек.
Президент коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. «Қауіпті инфекцияға қарсы тұрушыларды қолдау керек», – деді. Қаржылай сыйақы беруді тапсырды. Өйткені олар жеке басының мәселесімен емес, тұтас мемлекеттің проблемасымен күресуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дәрігерлер, полицейлер, өзге де мамандар алдыңғы шепте жұмыс жасауда. Олар демалыстың не екенін білмейді, отбасыларын сирек көріп, бастарын қауіпке тігіп жүр. Осыған қарамастан азаматтық және қызметтік борыштарын толықтай орындауда. Үкімет пен әкімдіктерге коронавируспен күрес жөніндегі шараларға жұмылдырылған дәрігерлерге, полицейлерге және өзге де мамандарға 1 айлық жалақы көлемінде сыйақы төлеуді тапсырамын.
Қазір ел аумағында қысылтаяң шақта отқа май құйып, дүрбелең тудыруды мақсат тұтатын сайттар, парақшалар көбейді. «Елді дүрліктіріп, көрінеу жалған мәлімет таратқан осындай жазбалардың авторларды анықтап, жазалау керек», – деді Президент. Мемлекет басшысы БАҚ-тың жұмысын үйлестіруді және орталықтандыруды тапсырды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі бүгіннен бастап күн сайын брифинг өткізеді. Енді коронавирусқа қатысты кез келген ресми ақпаратты арнайы сайттан оқуға болады. Денсаулық сақтау министрлігінде COVID-19 Бақылау және есепке алу операциялық орталығы жұмыс істейді. Коронавирусты қалай тексеруге болатыны, оқшаулау шарасы қалай жүргізілетіні жайлы жалпыға түсінікті жадынама әзірленеді. Карантин кезінде қашықтықтан оқыту мықтап қолға алынуы керек.
Қысқасы, бұл дағдарыс бүкіл мемлекет пен отандық бизнес үшін үлкен сын болғалы тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерін шешім қабылдауда батыл қадамдар жасауға шақырды. Елдегі қазіргі жағдайдың ауырлығын жете түсінбегендерге бір ғана жол бар: қызметімен қоштасу. Президент: «Бүкіл мемлекеттік аппарат қалыптасқан қасаң форматтан шығар кез келді», – дейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қиын кезеңде мемлекеттік басқару түбегейлі өзгеруі тиіс. Өзіңе жауапкершілік алып, батыл, күшті, пайдалы шешімдер қабылдау қажет. Мен мемлекеттік басқару жүйесіне дағдарыс кезінде жылдам шешім қабылдауға мүмкіндік беретін бірқатар қаулыға қол қойдым. Әр Үкімет мүшесіне, әкімдерге басқаша режимде жұмыс істейтін уақыт келгенін ескертемін. Қазіргі жағдайдың күрделілігін түсінбей, «маған зияны тимесе болды» деген сақтықпен жұмыс істейтіндер орнын босатуы тиіс.
Бұл дағдарыс мемлекеттік аппарат пен отандық бизнес үшін сілкінуге сеп болғалы тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыспен күреске 4,4 трлн теңге, яғни 10 млрд доллар бөлінгенін айтты. Дағдарысты жеңудің жалғыз жолы бар, ол – осы қаражаттың тиімді, әділ жұмсалуы.
Авторы: Шынар Асанқызы