БҚО-дағы жол құрылысы қарқын алды
Алайда 3 жылға есептелген құрылыстың алғашқы жылында 3 шақырымға ғана асфальт төселіпті. Тұсауы кесілсе де, тәй-тәй баса қоймаған жобаға биыл жан бітті. Көктемнің ерте шығуына байланысты қазір қара жолда құрылыс қарқын алып келеді.
Жол азабын жүрген білер. Оралдан 500 шақырымдағы жәнібектіктер жол тауқыметін тартып келеді. Көліктер көктем-күзде батпаққа батып, жолаушылар далаға талай түнеген.
Мәлік Дәулетов, жүргізуші, кәсіпкер:
- 35 жыл шопырмын, рөлде келе жатырмын. Бұрын 24 сағат жүрген кезіміз болды. Қазір бір күнде барып-қайтатын уақытқа жеттік. Жол салынса, кәсіпкерлерге де оңай болар еді.
Казталовтан Жәнібекке және Сайқынға дейінгі жолдың ұзындығы 250 шақырым. Осы аралықты жөндеу былтыр басталған еді. Тек 3 шақырымға асфальт төселсе, биыл 100 шақырымға жол салу жоспарланған. Қаладан алыс болғандықтан, қиыршық тас пен құм тасуда теміржолдың мүмкіндіктері пайдаланылуда. Ол үшін Ресей теміржолы басшылығымен келіссөздер жүргізіліпті.
Қадырбек Бақтыбаев, учаске бастығы:
- 3 түрлі қиыршық тастан 30 мың тоннадай әкеліп түсірдік. Асфальт төсеу үшін бірінші асфальт-бетон зауытын құрып аламыз. Осы жылы басталады. Оған дейін негізгі жұмыс жүргізіледі.
Қазір құрылыс қарқын алып келеді. Құрылыс материалдарының сапасы мен жолды күтіп-ұстау жайы қатаң қадағалауда.
Нұрсұлтан Нұрмұхамедов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚОФ инженері:
- Құрылыс материалынан 26 сынама алдық. Соның ішінде бірі құм, екіншісі қиыршық тас тиісті талаптарға сай келмеді. Нәтижесін тапсырыс берушіге хабарладық. Енді жарамсыз материалдар ауыстырылуы тиіс. Ал мердігерлер жолды уақытылы тегістемейді.
Жол құрылысының мультипликативтік әсері де орасан. Барыс-келісті жақсартуға қоса, алыс аудан экономикасына тың серпін бермек. Жұмыс орындары ашылады. Бір ғана Жәнібек ауданында құрылыс кезінде 300-дей адам жұмыспен қамтылады. Қазір 50-дей тұрғын екі қолға бір күрек тауыпты.
Жол салынған соң Ресейден келетін транзиттік көлік тасқыны күрт көбейеді деген болжам бар. Себебі аталған бағыт Еділ бойына, одан әрі Еуропаға шығатын ең төте жол болып табылады. Нәтижесінде жол бойындағы қызмет көрсету саласы да дамымақ. Аталған аудандарға жол салуға республика бюджетінен әзірге 2,5 млрд теңге бөлініпті. Мамандардың айтуынша, таяу уақытта қосымша қаржы қаралмақ.
Авторы: Ерденбек Жылқайдарұлы