Ақтөбедегі кәсіпорындар жұмысына кірісті
Тек Ақтөбе облысының өзінде 5,5 мың бизнес нысаны жұмысын бастады. Өңірде карантиндік шектеу талаптары жеңілдетілді.
Алайда өндіріс көлемін бұрынғы деңгейге жеткізу үшін біршама уақыт қажет. Ал мамандар аймақтың экономикасына келген шығынды анықтауды кейінге қалдырыпты. Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлердің іскерлік белсендігілі 20% дейін төмендеген.
Жарық шамдарын жасайтын шағын цех бір айдан бергі үзілістен кейін қайтадан іске қосылды. Төтенше жағдай басталған сәттен өндіріс орны жұмысты тоқтатып, 12 жұмысшысы кезектен тыс демалысқа кетуге мәжбүр болған. Сондықтан олар қазір дайын тауар санын арттырып, айына 30 мың электр шамын жасауға бел буған.
Евгений Пасюков, өндіріс орнының техникалық директоры:
- Осы уақыт аралығында барлығы тоқтап қалды. Бірде-бір өніміміз сатылмады. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау болады деп үміттеніп отырмыз. Біздің өнімдерді тұтынатын мекемелермен байланыстырып, жергілікті тауардың кең қолданысқа енуіне жағдай жасаса екен.
Енгізілген төтенше жағдайдан бірінші кезекте шағын және орта бизнес өкілдері зардап шегіп отыр. Бұл жайтты мамандар да растайды. Осы уақыт аралығында салықтық кірістер 15-20% азайған. «Атамекен» ұлттық палатасының филиалы директоры Анар Даржанованың айтуынша, мыңға жуық мекеме өкілі қаржы институттарына несиелік төлемдерді кейінге шегеру туралы өтініш білдірген.
Анар Даржанова, Кәсіпкерлер палатасы аймақтық филиалының директоры:
- Соңғы жағдайға байланысты кәсіпкерлер шартқа сәйкес жұмыстарын орындай алмайтын, тауарды уақытында әкеле алмайтындай күй кешті. Осыған байланысты облыс бойынша 112 өтініш келіп түскен болатын. Соның 58-і бойынша тиісті құжат берілді. Кәсіпкерлер бұл факт бойынша айыппұл төлемейтін болады.
Төтенше жағдай жасаған тығырықтан шығу үшін кәсіпкерлерге бизнестің жаңа моделін игеру қажет. Уақыт талабына сай өндірісті әртараптандыру арқылы шығын көлемін оңтайландыруға болады. Көптеген кәсіпкерлік нысан жыл соңына дейін салықтың бірнеше түрінен бостылды. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, тұралап қалған кәсіпке жаңа дем беруге болады. Қазір Ақтөбе облысындағы 145 компания өтініш беріп, 28 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал тұрғындарды жұмыспен қамту үшін бюджеттен 46 млрд теңге қарастырылған.
Руслан Қамбаров, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Тұрғындарды «Бизнестің жол картасы» кешенді бағдарламасы аясында жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Бөлінген сома 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның 11 500-і маусымдық кәсіп. Қазіргі қиын кезеңде табыссыз қалған жандар үшін тиімді және 400-і тұрақты жұмыс орны болады.
Бұл бірінші кезекте жол құрылысы. «Бизнестің жол картасы» бойынша облысқа бөлінген қаражаттың 20 млрд теңгесі асфальт төсеуге жұмсалмақ. Жалпы карантиндік шектеу талаптары жеңілдетілген сәттен 30 мыңға жуық азамат жұмыс орындарына оралды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков