Елімізде әнші Батырхан Шөкеновті еске алу шарасы өтті
Батырдың осы 3 әні елорда, Алматы, Қызылордада өткен флешмобта шырқалды.
Тек қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шетел жұртшылығының сүйікті әншісі Батырхан Шөкеновтің рухын еске алуға арналған флешмоб басталып кетті. Қатысушылардың барлығы – әншінің шығармашылығын айрықша бағалайтын әншілер, жас әртістер мен сахнагерлер. Батыр ағамыздың «Отан ана», «Джулия», «Қайран көңіл-ай» атты әйгілі әндері елордада әуеледі.
Карантинге байланысты 30 адамнан артық жиналуға болмайды, әйтпесе халық көп болар еді. Жалпы бұл шара қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан өнер майталманының өнегелі мұрасын насихаттау үшін жасалып отыр. «Жас таланттарды қанаттандыру, музыкалық талғамға үйрету, жанды дауыстағы оркестрмен жұмыс істеу шеберлігін дамыту – басты мақсат», – дейді қатысушылар.
Асқар Мұқиятұлы, әнші:
- Батырхан Шөкенов – біз үшін алдыңғы буын, қазақ өнерінің саңлағы. Әрқашан біз жадымызда ол кісінің еңбегін, үнін жадымызда сақтаймыз. Және бізге қалдырған ізін жалғастыруға дайынбыз.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
- Мен өзім негізі Батырхан ағаға үлкен құрметпен қарайтынмын. Өнеріне де, өзіне де. Өзінің көзі тірісінде дуэт айтуды армандаған болатынмын. Бірақ, өкінішке қарай, үлгермедім.
Әнші-композитордың дүниеден озғанына да 5 жыл өтіпті. Десе де, халқы біртуар перзентін жадынан шығармайды.
Дәл осындай флешмоб Алматыда да өтіп жатыр. Батырдың композицияларын орындауға алматылық әншілер, актерлер мен режиссерлер жиылған. Сахналас болғандары дүйім қазақтың жүрегін әндерімен жаулап алған Батырханның ерекше адами қасиетін де атап айтып жатыр.
Батырдың туған жері Сыр елінде де атақты музыкантты өнер адамдары ғана емес, бүкіл зиялы қауым еске алды. Батырдың әндер жинағы бар антология да шықты, оның әндерін айтқызатын байқау да жарияланып жүр. Қазақтың музыка өнерін халықаралық деңгейге көтерген Батырхан Шөкеновтің шығармашылығы – жас буынға рухани азық.
«Қайран көңіл-ай» деп шырқаған Батырханның анасы Длара Шөкенова халықтың пейіліне ризашылық білдірді.
Длара Шөкенова, Батырхан Шөкеновтің анасы:
- Кеше екі күннен бері туған күніне арнап, Ресейден де, барлық жерден хабарласып, Батырдың туған күніне осындай шара ұйымдастырып жатқанына өте қуаныштымын. Адамдар хабарласқан кезде «ойпырмау, балам өлмеген екен ғой, әні өлмесе, балам өлмеген екен ғой» деп шүкіршілік жасаймын. Оның алдына қойған мақсаттары көп еді. «Мектеп ашамын, балаларды оқытамын дейтін еді, бірақ онысына жете алмай қалды. Халқыма, барлығыңа ризамын.
Көршіміз Қытайдағы қазақтар да ұлт өнерпазы деп құрметпен еске алу шарасын өткізді.
1989 жылдан бастап бастап Ресейде өнер жолын жалғастырған Батырхан Шөкеновті Мәскеуде де еске алып жатыр. Ресейлік эстрада жұлдыздары оның елін қатты сүйетін патриот болғанын талай айтып жүр.
Әлібек Әлмәдиев, әнші:
- Батырхан Қамалұлы – ұстаз. Өйткені ол – нағыз шығармашылықтың және орындаушылықтың жоғары шеберлігінің үлгісі. Оның мөлдір ішкі мәдениеті шығармашылыққа көмілген. Мен сол деңгейдегі шебер болсам деп армандаймын.
Бауырлас қырғыз халқы да Батырхан Шөкеновті қайталанбас талант иесі деп біледі.
Дамира Шамбаева, Бішкек тұрғыны:
- Мен Батырхан Шөкеновті Алла Пугачеваның бағдарламасынан таныдым. Ол жерде неше түрлі әндер айтылып, талантты әншілер өнер көрсетті. Бір уақытта шашы ұзын, әп-әдемі, жап-жас бір қазақ жігіті шығып, ән шырқады. Қалайша ұмытасың оны? Әні де, киім үлгісі де өзгеше. Есте қалатындай ерекше әсер қалдырды.
Батырхан Шөкенов жан-дүниесін толық ақтарып, тыңдарманымен сырласа ән айтатын. Халық сондықтан да сүйіп тыңдайды. Ол фонограммаға жолаған емес. Туған күнінде әншіні жер-жерде еске алып жатқанына қарап-ақ оның шынымен халықтың әртісі болғанын түсінеміз. Жүрекке жетіп, тұңғиықта тұнған сезімдерді толқытқан әндері мәңгі есте болады.