Өңірлерде шектеу шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетілуде
Облыстарда шектеу шаралары кезең-кезеңмен алынып жатқандықтан, арнайы жоспар әзірленген.
Мәселен, Ертіс өңірінде, карантин кезінде бизнес субъектілеріне қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 5 млрд теңге бөлінген. Ал Маңғыстау облысында блок бекеттер алынып, көлік қозғалысы реттелді.
Ертіс өңірінде карантин режимі үш кезең бойынша жеңілдеді. Алғашқысында 33 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысаны ашылды. Нәтижесінде мыңдаған жуық тұрғын бұрынғыша жұмыс істей бастады.
Ертіс өңірінде карантин режимі жеңілдегелі бері қоғамдық тамақтану орындары жұмыстарына біртіндеп кірісуде. Мәселен, бұл дәмхананың қызметкерлері жұмыстарын екі күн бұрын бастады. Режим жеңілдегеніне қарамастан, санитарлық нормалар қатаң сақталады.
Карантин кезінде бұл дәмхана бір ай бойы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Осы уақыт аралығында қызметкерлер бос отырмай, тамақтану орнының даму стратегиясын әзірлеген.
Роман Прохоров, дәмхана әкімшісі:
- Қаржылық тұрғыдан қиындықтар болды. Сондықтан клиенттерімізді жоғалтып алмау үшін тағамдарды үйге жеткізу қызметін қолға алдық. Осылайша жұмыскерлерімізді қысқартқан жоқпыз.
Ал жеңілдеудің үшінші кезеңі 24 мамырда басталмақ. Қазіргі уақытта тағы 800-ден астам нысанның жұмысы тоқтап тұр.
Зәмзәгүл Дощанова, облыстың бас санитарлық дәрігері:
- Карантин режимінің үшінші кезеңіне ауысу үшін инфекцияны жұқтыру өсімі 2% аспауы керек. Оған қоса жалпы аумағы 2000 шаршы метрден асатын объектілер санитарлық ережелерді сақтауы тиіс. Егер эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса, ірі сауда және қызмет көрсету орындары жұмыстарын қайта бастайды.
Карантин кезінде түркістандық ХҚКО да жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Енді жұмыс бұрынғыдай емес, жаңа форматта жүргізілмек. Арақашықтықты сақтау және қорғаныс құралдарын пайдалану. Келушілерге осындай талап қойылады. Жұртшылыққа 97 қызмет түрі қолжетімді.
Амантай Егембердиев, «Азаматтарға арналған үкімет» МК облыстық филиалының өкілі:
- Ал қалған электронды қызметтердің баршасын халық өздерінің үйлерінде ала алады. Не болмаса, қазір халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарын ашып жан-жақтан жатырмыз. Сол жақтан ала алады. Енді біз халықтың жиналған толқынына қарай бақылаймыз. Егер де адам саны тағы да көбейетін болса, басқа да жерлерден ашуды жоспарлаудамыз.
Ал Ақтөбе облысында тосқауыл бекеттерінің саны 28-ден 19-ға азайды. Әзірге тексеру пунктері Ресей шекарасына апаратын жолдарда қалған. Бүгінде дертке қарсы күрес штабы облыс аудандарының арасындағы қатынасты қайтадан жандандыруға рұқсат берді. Бірақ тәртіп өзгерген жоқ.
Ардана Саймағамбетов, Ақтөбе облыстық Полиция департаменті Жол полициясы жеке батальонының бастығы:
- Барлық блок-бекетте бұрын 369 адам жұмылдырылған болса, қазіргі таңда бұл қысқартылған блок-бекетте 211 адам жұмыс жасауда. Оның 127-і – полиция қызметкерлері, 42-і – СЭС қызметкерлері және 42-і – жергілікті атқарушы орган қызметкерлері.
Айта кетейік, карантин кезінде қызмет көрсету субъектілері жұмысының алгоритмдері өзгертілді. Яғни нысандар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтаулары шарт.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Әнуарбек Мырзатайұлы, Мансұр Есқожин және Алексей Омельницкий