Таразда 9 сыныптың оқушысы қарындасын ұрып өлтірді
10 жастағы қыз бала қатты соққыдан көз жұмған. Алдын ала болжам бойынша марқұм қыз бен оның ағасы планшет немесе компьютер үшін жанжалдасып, аяғы қайғылы жағдаймен аяқталған көрінеді.
Жасөспірім қыздың өлі денесі осы көшенің бойынан табылған. Облыстық Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес қыз зорлықпен өлтірілген көрінеді. Жедел іздестіру шарасы барысында жәбірленушінің туған ағасы ұсталды. Одан биологиялық іздер анықталған көрінеді. Бірақ 15 жастағы оқушының осындай қаныпезерлікке барғанына көршілері сенбейді.
Көршісі: Ағасы үйден қуып жіберген. Планшетті үйге тығып қойған. Сосын қыз далада тапшан үстінде ұйықтап қалған. Сол жерден келген де, балғамен ұрған. 7 жасар бала жүгіріп келіп: «Мама Алексей бьет Люду». Сөйтсе, мамасы шөп жұлып отырып: «Ладно, я жалобы не принимаю», – дейді.
Мектеп мұғалімдері мен психолог мамандар да болған жайтқа сенбейді.
Эльвира Чолок-Оглы, №18 орта мектеп директорының міндетін атқарушы:
- Бұл отбасында 5 бала бар. Жалпыға бірдей міндетті орта білім қорында есепке алынған. Яғни мектеп тарапынан киім, аяқ-киім алып отыратын. Сондай-ақ тегін ыстық тамақпен де қамтылған. Теріс қылықтарын байқамадық. Мектеп оқушылары және сыныптастарымен жақсы қарым-қатынаста болатын.
Бірақ күдікті ретінде ұсталған марқұмның бауыры кінәсін мойындаған. Алайда ол кәмелеттік жасқа толмағандықтан, оның берген жауабы заң жүзінде сараптама қорытындысынан кейін нақтыланбақ. Жеткіншекті қылмысқа не итермелегені туралы да ресми ақпар айтылмай отыр. Алдын ала болжам бойынша марқұм қыз бен ағасы планшет немесе компьютер үшін жанжалдасып қалған болуы мүмкін.
Жандос Надырқұлов, Тараз қаласы Полиция басқармасы полиция бөлімі бастығының орынбасары:
- Бұл іс бойынша басқа күдіктілер анықталған жоқ. Ол – жанұялық жағдайда болған нәрсе. Жасы кәмелетке толмағандықтан, кейбір деректерді біз тергеу жүріп жатқандықтан айта алмаймыз. Сот сараптама қорытындыларымен біз сәйкестендіреміз. Тексереміз. Себебі бізде басқа да сұрақтары туындауы мүмкін. Егер де сот шешімі шығатын болса, онда ата-анасына өзінің баласына дұрыс тәрбие бермегені үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Қазір өңірде соңғы 4 айдың қорытындысына сәйкес балаларға қатысты қылмыстық көрсеткіш 11, ал кәмелеттік жасқа толмағандар арасында 49% төмендеген. Психолог мамандар жеткіншектердің кісі өлтіруге дейін баруына түрлі факторлар әсер етуі мүмкін деп топшылайды. Ең негізгісі – отбасылық және әлеуметтік жағдай. «Көбінесе интернет, компьютерлік ойындар бала психикасына тікелей әсер етеді», – дейді мамандар.
Гүлнәр Сейдалиева, психолог:
- Компьютерлік ойында біз не көреміз? Баланы зұлымдыққа тәрбиелейді. Баланы өлтіруге, қылмыс жасауға насихаттайтын ойындар көп болады. Бала соған еліктеп: «Шын өмірде мен соны істей аламын ба?», – дейді де, соған талпынады. Әрине, компьютер ойындарының әсері өте көп.
Қазір қылмыстық іске қатысты тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Қарындасына қол жұмсаған жасөспірім қамауға алынған. Кісі өліміне қатысты айғақ заттар алынып, 4 бірдей сараптама тағайындалды. Сондай-ақ күдіктінің психикалық жағдайы тексерілмек. Егер оның кінәсі нақтыланса, 15 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә