Асқар Мамин Мақтаарал ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді
Премьер-Министр Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапарында құрылыс барысын өз көзімен көріп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Үкімет басшысы Түркістан қаласындағы көлік, әкімшілік, әлеуметтік-мәдени және туристік инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстарының барысын да тексерді.
Мехнат тартқан мақтааралдықтардың мәселесі біртіндеп шешіледі. Премьер-Министр Асқар Маминнің Түркістан облысына жұмыс сапарымен келуі кездейсоқ емес. Мақтаарал ауданындағы қалпына келтіру барысын тексерді.
Үкімет басшысы тұрғындармен кездесіп, Нұрлыжол және Өргебас ауылдарындағы қираған тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарын барып көрді.
Жарқынбек Қанаев, Өргебас ауылының тұрғыны:
- Тұрғын үй осы жерде қалатын болып шешілді. Оған біз мемлекеттен қаржылай көмек сұрадық, мемлекет бізге қолдау көрсетті. Біз бұл жерде ең бастысы үй және жұмыс мәселесін шештік.
Бұған қоса Мырзакент ауылында су тасқынынан зардап шеккен 500 отбасыға арналған жаңа шағын ауданның құрылысымен танысты.
Сәбит Қалыбеков, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:
- Мынау құрылыс жұмыстарын бастағанымызға он күндей уақыт болды. Материал толығымен жетеді, келіп жатыр. 50 шақты адам жұмыс жасайды, оның ішінде 20 адам – жергілікті тұрғын. 20 шілдеге дейін құрылыс жұмыстарын бітіреміз деген ой бар.
Асқар Мамин Түркістан қаласында инфрақұрылымның салынуын да тексерді. Тамшылатып суару технологиясын енгізу, ауыл шаруашылығындағы ирригация желілерін жаңғырту және тұрғындарды ауызсумен қамту жайын сұрап білді. Үкімет басшысы шаруалармен кездесіп, өңірде агроөнеркәсіпті дамыту мәселесіне назар аударды.
Авторы: Индира Жылқайдарова