Ертіс өңірінде инфекциялық аурухана бой көтереді
Жаңа инфекциялық аурухананың бөлімшесі салынады. Алдағы уақытта 60 төсекке шақталған бөлімше құрылысы басталады. Ал балаларға арналған жұқпалы аурулар бөлімшесі кеңейтіледі.
Ересектерге арналған жұқпалы аурулар бөлімшесі облыстық аурухананың аумағында бой көтереді. Қазіргі уақытта нысанға арналған жеті мың шаршы метрлік аумақ белгіленді. Ғимарат құрылысына 1,3 млрд. теңге бөлінді.
Арман Исақаев, Денсаулық сақтау басқармасы стратегиялық даму және инновациялық технологиялар бөлімінің басшысы:
- Облыстық аурухананың аумағы қолайлы. Себебі инженерлік коммуникацияның барлығы қолжетімді. Яғни қосымша қаржы қажет етілмейді. Бұл бөлімше «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынады. Нәтижесінде 300-ден астам адам жұмыспен қамтылады.
Пандемия медицина саласындағы осал тұстардың бетін ашты. Әсіресе жұқпалы аурулармен күресу кезінде маман тапшылығын көрсетті. Мәселен, облыста небәрі 30 эпидемиолог бар. Бұл аздық етеді. Тағы онға жуық инфекционист керек.
Біржан Досмайылов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Медицина қызметкерлерінің ғылыми білімін жетілдіруге баса назар аударылуда. Әсіресе кадр тапшылығын шешуіміз керек. Қазіргі уақытта облыс басшылығының қолдауымен гранттарға қаражат бөлінеді. Аймақта аса қажет мамандықтарға гранттар қарастырылады. Инфекционстер, педиатрлар, реаниматологтар мен жүрек дәрігрлері керек.
Облыста небәрі 15 инфекционист дәрігер еңбек етуде. Орташа жастары 50-ге тақаған. Ақ желеңділер зейнетке шықса, мәселе қиындай түспек. Алдыңғы шепте еңбектеніп жатқандардың қатарында 20 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігер, инфекционист Жансұлу Дукаева бар.
Жансұлу Дукаева, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасы инфекциялық госпитальдің меңгерушісі:
- Қолдау ауадай қажет. Медицина саласына, әсіресе инфекциялық қызметке жаңашыл реформалар қажет. Инфекциялық аурулар әрдайым болады. Тағы бір пендемия болмайтынына кім кепіл? Сондықтан саланы жетілдіру керек. Кадр тапшылығы мәселесін шешіп, жастарды тарту үшін жақсы жалақы қажет.
Бүгінде медициналық оқу орындарының түлектерін тарту мақсатында сұранысқа ие мамандарды жатақханамен қамту жағы шешімін тапқан. Ол үшін Денсаулық сақтау басқармасына қарасты бос жатқан ғимараттар жөнделеді.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий