Кентау өндіріс орталығына айналады
Ал Түркістан облысының Кентау қаласы тұрғындарының саны соңғы екі жылда 120 мыңға көбейіпті. Халық санының өсуіне индустриаландыру саласы мен жергілікті инфрақұрылымның дамуы себеп болып отыр. Өткен ғасырдың соңында Кентау қаласы тоқырауға ұшыраған болатын. Бұл күндер артта қалды. Бүгінде Кентау шаһары тұрақты дамуда.
Өркенді өндіріс, жаңа жұмыс орындары мен қарқынды құрылыс. ХХ ғасырдың ортасында Кентау қаласының тіршілігі дәл осындай болды. Сол сәтте шаһарда екі өнеркәсіп ошағы мен экскаваторлық зауыт жұмыс істеп тұрды. Бірақ уақыт өте келе тұрғындар көшіп кете берген. Еңбек күшін қайта тарту үшін ондаған жылдар керек болды.
Серік Мырзахметов, экскаватор зауытының ардагері:
- Қаламыз гүлденіп келеді. Қуаныштымыз. Бұрынғымен салыстыруға келмес. Кентау қаласы өндірісі дамыған, тірлігі келісті шаһарға айналатынына сенімдімін.
Экскаватор өндірісі сол беті жаңғырған жоқ. Ал трансформаторлық зауыт жұмысын жалғастыруда. Бүгінде бұл зауыт еліміздегі ірі кәсіпорындардың біріне айналды. Бұл ошақта бір жылда 28 млрд теңгенің өнімі шығарылады. Сапалы өнімнің тең жартысы әлемнің 14 еліне экспортталады.
Хайролла Қожабаев, трансформаторлық зауыттың басқарма төрағасы:
- Өзіміздің қызметкерлерімізге соңғы 10 жылда 248 үй берілді. Енді биыл 40 пәтерлі үй салып жатырмыз. Оны қыркүйек айында береміз деп отырмыз. Одан кейін қосымша тағы да 500 орындық жатақхана салынуда. Ол біздің жас мамандарды қолдау үшін беріледі.
Зауытта 1200-ден астам маман еңбек етеді. Олардың барлығы – қала тұрғындары. Кәсіпорында маман тапшылығына жол бермеу үшін кадрлық қор әзірлеу басты назарға алынды. Өндіріс жанынан кәсіби колледж құрылған. Студенттер дуалды білім беру жүйесі бойынша оқып, тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие.
Марат Аманжолов, зауыт қызметкері:
- Мен зауытқа жұмысқа орналасқан сәтте 700-дей адам еңбек етті. Ал қазіргі уақытта ұжымымыз 1300-ге жетті. Сол сәтте зауытта небәрі екі цех болатын. Ал қазір он құрылым бар. Кәсіпорын жыл сайын кеңейіп, дамып келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Жергілікті биліктің мақсаты –Кентау қаласын өндірістік орталыққа айналдыру. Ол үшін индустриалды аймақ құрылды.
Бекайдар Әлімбетов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:
- Индустриалды аймақ бойынша бізде орналасқан 25 гектар бар. Оның ішінде 4,5 гектары инфрақұрылым болса, қалғанын жобаларды жүзеге асыруға дайындағанбыз. Осы күнге дейін 180 млн-ға үш жоба дайындалды. 45 жұмыс орны ашылады.
Сегіз жыл бұрын Кентау шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша қолдау тапты. Өндірісті шаһар мемлекет тарапынан 5 млрд теңгенің қолдауын алды. Қаржы мөлтек аудандардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталды. Бүгінде Кентауда тұрғын үйлер бой көтеріп, жолдар жөнделуде. Мұның барлығы – халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы игі іс.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішев