Алдағы 2 жылда қазақстандықтардың 97% интернетпен қамтылады
Мәжіліс депутаттары ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтуға қатысты арнайы заң жобасын әзірлеп, пленарлық отырыста мақұлдады. Бүгінде қашықтығы 20 мың шақырымдай талшықты-оптикалық желі тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Жалпы 2022 жылға қарай ауылдағы ағайынға қолжетімді интернет тарату қалай жүзеге асады?
Әлем түгілі ел ішінде өзара ақпарат алмасатын сапалы интернет бар ауылға жете қойған жоқ. Депутаттардың алыстағы ағайынды кеңжолақты интернетпен қамту тетіктерін ойластырып, арнайы заң жобасын әзірлегені де сондықтан. Бұл әу дегенде бітетін іс емес, десе де алдағы екі жылда қазақстандықтардың 97% интернеттің игілігін көреді. Әзірге ел бойынша 117 қала мен тұрғындар саны 250 және одан да көп үш мыңнан астам ауыл кеңжолақты интернетпен қамтылған. Ал екі мыңдай ауылда ғаламтор жоқ. Депутаттар бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, талшықты-оптикалық байланыс желілерінің ауылдарға неге тартылмайтынын сұрап білді.
Петр Шарапаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында антенналық-мачталық құрылыс жайларының құрылысын салуға бағытталған норма бар. Олар арқылы ауылға интернет беру қалай жүзеге асырылады? Қазір ел бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілері орнатылып жатыр. Оларды ауылдарға да орнатуға болмай ма?
Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бұл технологиялардың әрқайсысының өз орны бар. Мәселен, талшықты оптикалық байланыс желілері арқылы халыққа көлік инфрақұрылымын да жеткіземіз. Ал нақты ауылдың ішінде мобильді кеңжолақты желілер орнатылады. Ол технологиялық тұрғыда дұрыс әрі экономикалық тиімді.
Айта кетейік, қазір қашықтығы 20 мың шақырымдай талшықты-оптикалық желі тарту жұмысы жүргізілуде. Ал енді мобильдік желіге арналған антенналық-мачталық құрылысжайға берілетін жерді рәсімдеу жеңілдетілмек. Депутаттар енгізген өзгерістер бойынша жалға алынған жерді пайдаланудың нысаналы мақсатын өзгерту қажет емес. Заң жобасындағы нормалар жүзеге асса, иендегі ауылдардың интернетке қолы жетеді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық кеңес отырысында білім және денсаулық салаларын заманға сай реформалау туралы айтқан болатын. Осы жолда цифрлық және электрондық қызметтердің қажеттілігі өте маңызды. Сол үшін осы заң жобасында енгізілген өзгерістер ауыл тұрғындарын сапалы және қолжетімді интернетпен қамтамасыз етуге жаңа серпін берері сөзсіз.
Депутаттар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң жобасын мақұлдады. Ол да мәжілісмендер бастамасымен әзірленді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, құжат айрықша қорғалатын аймақ құрамынан шығып қалған және мақсатсыз пайдаланылатын жерлерді қайтаруға сеп.
Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгінгі таңда басты экологиялық проблемалардың бірі табиғи ресурстарды қарқынды пайдалану болып табылады. Қазіргі таңда биологиялық әртүрлілік азаюда және оның төмендеуі орын алуда. Осыған байланысты біздің назарымызға ұсынылған заң жобасы өте өзекті деп есептеймін. Оны қабылдау бірегей табиғи және тарихи-мәдени кешендер мен объектілердің тұтастығын сақтауға ықпал етеді.
Елімізде кей аумақтар мақсатсыз пайдаланылуда. Мәселен, Бурабай ұлттық табиғи саябағының 370 гектар жері арнайы экономикалық аймаққа бөлінгенімен, әлі нәтиже жоқ. Ал Көкжайлау курортын салуға Іле Алатауы ұлттық паркінің бір мыңнан астам гектар жері берілді, ол жерде тау-шаңғы кешені салынуда.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:
- Бұл қосалқы станция қала меншігіне берілетін болады. Ол тау-шаңғы кешені жобасы аясында салынған нысандарға жатады. Сондықтан оның ұлттық саябақ аумағында қажеті де жоқ.
Құжат негізінде осындай аумақтар ерекше қорғалатын аумақтар құрамына қайтарылуы тиіс.
Авторы: Индира Жылқайдарова