Отандық өнімдер келешекте медицина, парфюмерия салаларында қолданылады
Ғылыми зерттеулерді «Маңғышлақ эксперименталды ботаникалық бағы» мекемесінің ұжымы қолға алыпты.
Олар сәтті аяқталған жағдайда, отандық өнімдер таяу жылдары медицина, парфюмерия және косметология салаларында үлкен сұранысқа ие болады деп жоспарланған.
Зертхана бөлмесіне кірген сәттен-ақ жуаның ащы иісін сезіндік. Мамандар «сасық қурай» деп аталатын дәрілік шөптен эфир майын алып жатыр екен. Бағалы өсімдіктің құрамында биологиялық қоспалар мол. Шөп тамырының қайнатпасы бас ауруы мен радикулитті емдеуге қолданылады. Ал шайыры ас қорытуды жақсартып, ағзаны паразиттерден тазалайды. Осындай емдік қасиетіне орай көптеген елде жоғары сұранысқа ие.
Динара Жарасова, ғылыми қызметкер:
- Иранда, Қытайда, Үндістанда, Пәкістанда өте танымал өсімдік болып есептеледі. Яғни Ferula Asatoetida өзінің емдік қасиетіне байланысты тағамдық өнеркәсіпте, сонымен қатар медицинада кеңінен қолданылады. Біздің зерттеуіміздің мақсаты – өсімдіктің фармакологиялық, биологиялық және биохимиялық ерекшеліктерін анықтау. Сонымен қатар оның емдік қасиеті болашақта шикізат өнімі ретінде кеңінен қолданылады.
1972 жылы құрылған эксперименталды ботаникалық бақтың жалпы көлемі – 39 гектар. Оның 29 гектары 10-шы шағын ауданда, қалғаны 34А мөлтекауданына тиесілі. Негізгі бақ аумағының 60% жуық бөлігінде өңір климатына төзімді ағаштектес өсімдіктер жайқалып тұр. Тағы бір гектардай жерге раушан гүлінің 150-ге жуық ерекше сорты егілген. Олардың күтіміне 9 ғылыми қызметкер жауапты.
Ақжүніс Иманбаева, «Маңғышлақ эксперименталды ботаникалық бағы» МҚК бас директоры:
- Осында кең ареалды өсімдіктердің коллекциясы шоғырланған. Соның ішіндегі біздің мақтанышымыз – розари. Ол 0,4 гектар жерді алып жатыр. Өрмелегіш, жартылай өрмелегіш секілді топтардан тұратын сұрыптар да бар. Тағы бір бағытымыз: табиғи флорадағы дәрілік, тағамдық, техникалық өсімдіктерді мәдениетке енгізіп, оларды зерттеу. Оларды өндірістік мақсатта қалай қолдануға болатыны жөнінде ғылыми бағыт жасап жатырмыз.
Зерттеулерден бөлек өсімдіктерді цифрлау жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Осы мақсатта үш компьютерлік бағдарлама арнайы жасақталған. Олардың көмегімен бақта өсіп тұрған жасыл желек – Маңғыстаудың табиғи флорасы мен Ақтауда отырғызылған гүл сорттарымен танысуға болады. Соңғы бағдарламаға ботаник ғалымдар қала аумағындағы тал-өсімдіктердің жай-күйі, уақытылы суарылуы жайлы ақпарат жазып отырады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев