Коронавирус күн сайын жасарып барады
Бірақ күн сайын тіркелетін науқастардың арасында жастар мен жасөспірімдер, тіпті жасқа толмаған нәрестелер де кездеседі. Алматы облысында жаңадан туған екі сәбиден, Маңғыстауда жасқа толмаған тағы бір бүлдіршіннен вирус табылды. Соңғы дерек бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 15 мыңнан асып кетті. Ал статистикаға кірмейтін, белгісі жоқ 5,5 мыңдай тасымалдаушы тағы бар. Сондықтан дәрігерлер қауіпті кезеңнің қарсаңында тұрмыз деп дабыл қағуда.
Ел арасында түрлі қауесеттің тарап жатқаны жасырын емес. «Ауруханалар қаңырап бос тұр екен», «науқас саны көбейіп жатқаны өтірік», «статистика деген бос сандырақ» деп жүргендер әлі бар арамызда. Мұндай пікірлерді естігенде, расында да екі ұдай күйге түсетініміз рас. Бірақ сырттан болжам жасамай, жағдайды ауруханада жатқандардың өзінен сұрап көрдік.
Рахат Жақсыбай, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Соңғы аптада қала ауруханаларына көптеген науқас келіп түсуде. Оның ішінде үлкендер, балалар, отбасымен келіп жатқандар бар. Әсіресе үлкен кісілерде ауыр өтуде. Оны өзіміз де көрдік.
Сөз басында вирустың тым жасарып бара жатқанын айттық. Демек, жас талғамайтын болғаны. Тағы бір алаңдататыны, маска киіп, санитарлық талапты түгел сақтап жүрген жандар да оны жұқтырып алуда. Өйткені вирус ағзаның әбден әлсіреген кезіне дөп келсе, кез келген жанды алып соғады.
Вероника Боярова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Соңғы уақытта жұмыс қарбаласып, ұйқым қанбай, аздап шаршаңқырап жүрдім. Иммунитетім әлсіреген болуы керек. Барлық сақтық шарасын сақтап жүргенмін, қайдан жұққанын өзім де нақты білмеймін. Дене қызуым көтерілген жоқ, бірақ тамағым жыбырлап, асқа тәбетім жоғалды.
Вероника ауру белгілері бар жандармен жақын байланыста болмағанын айтады. Бірақ ел аумағы бойынша ешқандай симптомы жоқ мыңдаған адамның бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Бір күнде жүз адамнан вирус табылды десек, соның 75% аурудың белгілері болмайды екен.
Сәуле Қисықова, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Симптомы жоқ болса да, ол вирусты тасымалдаушылар деп белгілейміз. Олардың өздері де білмейді. Біз зерттеген кезде, мұндай адам ең аз дегенде 4-5 адамға жұқтыратынын анықтадық.
Мына бейнекадрлар осыдан екі күн бұрын ғана Ақтаудағы жағажайлардың бірінде түсірілген. Қаланың тең жартысы суға түсуге келген. Санитарлық шараларды сақтап жүрген бірі жоқ. Жергілікті жауапты органдар кей жағдайда халықтың құлақ аспайтынын мойындап отыр.
Асима Жарылғасова, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын, қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:
- Ол жерлерге блокбекеттер қойып, адамдардың баруына тыйым салу мүмкін емес. Өйткені тұрғындар карантиннен шаршаған. Әрине біз жағдайды үнемі бақылауда ұстаймыз. Егер де вирус жұқтырған адамның жағажайға баруы анықталса, аурудың таралуына жол бермеу үшін әлгі демалыс орны жабылады.
Бірақ арасында белгілері білінбейтін бір науқас болса, қанша адамға індетті таратарын өзіңіз болжай беріңіз. Соңғы деректер бойынша, еліміздің Бас дәрігері Елжан Біртановтың да вирусты жұқтырғаны белгілі болды. Ал Елжан Біртановпен бірге іссапарға шыққан Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресустар министрі Мағзұм Мырзағалиев және Премьер-Министр Асқар Мамин қазір карантинде.
Динагүл Баешева, инфекционист дәрігер:
- Вирусқа бәрібір, оған тірі тәннің ішіне кіру керек, бір адамнан бір адамға тарау керек. Егер де біз әрі қарай таратпасақ, өзінен өзі жойылып кетеді. Қазір ең бастысы бір-біріне жұқтырмау қажет.
Кез келген вирус бір мекеннен екінші мекенге немесе бір адамнан екінші адамға көшкенде міндетті түрде мутацияға ұшырайды. Коронавирус та дәл солай. Мамандардың сөзінше, адам індет жұқтырғанын ұзақ уақытқа дейін сезбеуі мүмкін. Ал ол кезде вирус өкпені зақымдап, ауру әбден асқынып кетеді. Өкінішке қарай карантин жеңілдетілгеннен бері халық арқаны кеңге салып, сақтық шараларын ұмытқан. Сондықтан дәрігерлер қауіпті кезең енді басталды дейді.
Авторы: Шынар Асанқызы