Ел тұрғындары экологияға залал келтірген кәсіпорындарға наразылық білдірді
Айтуларынша, компания суды да, ауаны да улы қалдықтармен ластап жатыр.
Осыған ұқсас дау Қарағанды облысында да туындап отыр. Сәкен Сейфуллин кентінің тұрғындары күкірт қышқылынан уланамыз ба деп алаңдаулы. Өйткені бұл елді мекенде осы химиялық затты тасымалдауға арналған қойма салынбақ.
Риат Шони, тілші:
- Алтын өндіретін шахталарымен танымал Бестөбе кентінде құнды металды мына компания жер астынан қазып алады. «Алтын өндіріп қана қоймай, бізді улап жатыр», – дейді тұрғындар. Тіпті 6 мың бестөбеліктің 5700-ге жуығы наразылық білдіріп, қол жинағандарын да айтады. Ал мына бетпердені пандемия басталғанға дейін таға бастаған. «Өйткені улы заттың кесірінен демалудың өзі қиын», – дейді тұрғындар.
Бұл кадрларды бестөбеліктер өздері түсірген. «Дауыл тұрса болды, ауылдың іші осындай шаңға толады. Бұл шаңмен араласып цианидтің қалдықтары да келеді», – дейді кент тұрғындары.
Бестөбеліктер бұл бас ауыртар мәселемен екі жыл күресіп келеді. Әзірге еш нәтиже шығар емес.
Александра Назаренко, Бестөбе кентінің тұрғыны:
- Қолымыздағы ресми мәлімет бойынша Бестөбенің әрбір үшінші тұрғыны тыныс алу ауруларына шалдыққан. Тіпті сәбилердің денсаулығына да кері әсер етіп жатыр. Осылай жалғасып келе жатқанына 2 жылдан асты. Енді мына компания қалдықтарын сақтайтын жаңа полигон салмақшы. Онда цианид төгіледі. Біз оған қарсымыз. Оған тіпті ресми рұқсаттары да жоқ. Бірақ құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр.
Тұрғындардың айтуы бойынша фабрика салып жатқан полигон осымен төртінші екен.
Асқар Оразов, Бестөбе кентінің тұрғыны:
- Мынау техника цианидті сақтайтын қойма жасап жатыр. Жерді қазғанда 1,5 метрден су шығып тұр. Соған қарамастан салып жатыр. Сотқа да шағымдандық.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары толыққанды заң аясында жүріп жатыр. «Жергілікті әкімдік те өз рұқсатын берген», – дейді олар.
Сергей Плотников, учаске басшысы:
- Егер су жерге жақын жерден шықса, құрылысты бастамайтын едік. Мұнда су 2 метр тереңдікте бір-ақ шығады. Жалпы жоба жетілдірілген. Бұрынғы қателер ескерілді. Ал цианид әкпен залалсыздандырылады.
Рұқсаттың барын Бестөбе кентінің әкімі де растап отыр. Мұсылманбек Смағұловтың айтуынша, санитарлық нормалар да сақталған көрінеді.
Ал Ақмола облысының Экология департаменті өкілдері бұл жерде ешбір құрылыс жұмыстарын байқамапты. Тіпті Бестөбеге барып, тексеріс жүргізген. Алайда алып аумақта жер қазып жүрген техниканы таба алмаған сыңайлы.
Ержан Ахметов, облыстық Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Нақтылап алдым. Тексеріс жұмыстары жүргізілді. Кен орнына мамандар барды. Алайда құрылыс жұмыстары тіркелген жоқ.
Ақмола облыстық Экология департаментінің қызметкерлері байқамаған құрылыс жұмыстарын министрлік өкілдері өз көздерімен көріп, заңсыз екендігін анықтаған. Енді алтын өндірумен және оны өңдеумен айналысатын кәсіпорынға жұмысты рұқсатсыз жүргізгені үшін 1 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Зұлпыхар Жолдасов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:
- Компания өз тарапынан оның бәрін түсініп жатыр. Қазір халықпен арнайы топ құрып, әлеуметтік-экологиялық шаралар қолданбақшы. Оның тізімін бізге, халыққа көрсетеді. Бірақ біз өз жұмысымызды істейміз, шара қолданамыз.
Енді Бестөбедегі кезекті төртінші қалдық сақтайтын орынның салыну-салынбауы қоғамдық тыңдауда шешілмек. Бірақ кент тұрғындары бұған қарсы секілді.
Экология, денсаулық мәселесіне қатысты халық пен кәсіпорындар арасындағы даулар еліміздің өзге де аймақтарында бар. Мәселен, Қарағанды облысындағы Сәкен Сейфуллин кентінің тұрғындары күкірт қышқылынан уланамыз ба деп алаңдаулы. Өйткені бұл елді мекенде осы химиялық затты тасымалдауға арналған қойма салынбақ.
Айнагүл Түсіпбекова, С.Сейфуллин кентінің тұрғыны:
- Қышқыл тасымалдау зиян екені белгілі. Бір тамшы тамып кетсе де, ол буланып, ауаға тарайды. Буланғаннан кейін халықтың тыныс алу мүшелеріне залал келтіреді.
Ал компания өкілдерінің айтуынша, күкірт қышқылын сақтаудың қатаң шарттары бар. Оған жауапкершілік те жоғары. «Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», – дейді.
Тілеуғали Торайғыров, кәсіпорын инженері:
- Оның сақталу шарттары бар. Егер оны бұзатын болсақ, ол техногендік апат болады. Біз оның бәрін қадағалап, есеп беріп отырамыз. Бұл – заң алдындағы үлкен жауапкершілік.
Халық наразылығынан кейін компания өкілдері тұрғындардың өтініші ескерілетіндігін айтты. Бірақ ол құрылыс жұмыстарына әсер ете ме, жоқ па, белгісіз. Ал заңгер Марат Башимовтың айтуынша, кәсіпорындар тарапынан туындайтын даулы мәселелер жауапкершіліктің төмендігіне байланысты.
Марат Башимов, заңгер:
- Осындай үлкен компаниялар экологияны бұзып жатыр. Олар мемлекеттік органдарға жұмысын орындатқызбайды. Өйткені бірдеңе көтерілсе, анау инвестор келеді. Алайда одан қорықпай, мәселені көтеріп, жауапкершілікті күшейту керек.
Инвестордан именіп жүргенде тұрғындардың тынысы тарылып барады. Біздің елде экомәселелер аз емес. Бұл жолы да бестөбеліктердің тауы шағыла ма? Қарағандыдағы құрылысқа қарсылық немен тынады? Әліптің артын бағамыз.
Авторлары: Риат Шони, Жандос Сұлтанғазы