Нұрсұлтандық мәнерлеп сырғанаушылар айдыннан айырылып қалуы мүмкін
Осы ата-аналардың балалары тегін жаттығады. Бірақ олармен қатарласып осы мұз айдынында ақшасын төлеп, коньки тебетіндер бар екен. Өкінішке қарай спорт кешенінің басшылығы осы коммерциялық топтағыларға басымдық береді. Бұл мұзда тегін жаттығатын балаларға қолайсыздық тудырып отыр. Сабақтан қалады, не жаттығуға кешігеді.
«Мұз үшін талас наурыз айында басталды», – дейді наразы ата-аналар. Олардың айтуынша, Алаудағы айдында жаттығу уақыты өте қолайсыз.
Айнагүл Сыздықова, ата-ана:
- Біздің балаларымыз Алауға сағат 6-дан бастап келетін. Сол уақытта жаттығулары басталады. Алтыда келу үшін баланы 05:30-да алып келу керек. Неге балаларға дұрыс уақыт берілмейді?
Иә, жас спортшыға қолайлы уақыт берілмейді. Өзгелер өздеріне ыңғайлы кезде жаттығу жасайды. «Ал мәнерлеп сырғанау құдды бір бизнеске айналған секілді», – дейді ата-аналар.
Людмила Кайназарова, ата-ана:
- Бізге жаттықтырушымыз екі күн бойы сағат 6-дағы мұзды пайдалануға рұқсат жоқтығын айтты. Өйткені ол жерде шорт-трекшілер жаттығады деді. Ал келесі күні бақылау бейнекамералары арқылы шорт-трекшілер емес, «Жұлдыз» қоғамдық қорының 2-3 қызы коньки теуіп жүргенін көрдік. Яғни 20-ға жуық бала бар команданы алдап, бізге тиесілі мұзды сол қорға берген.
Мұз айдынының басшылығы басымдықты коммерциялық топтарға беріп жатқандығын жасырған жоқ. Өйткені мұнда ақша төлеп жаттығатын хоккейшілер, шорт-трекшілер көп. «Мұз айдынының қалыпты жағадайда жұмыс істеуіне осы әуесқой спортшылардан түсетін қаражат жұмсалады. Әсіресе қазіргі пандемия кезінде ақша ауадай қажет», – дейді мұз айдыны басшылығы. Оның үстіне нысан ашылған 11 жылдың ішінде күрделі жөндеу көрмеген.
Асхат Мұқашев, басқарушы компанияның бас директоры:
- Коммерциялық ақша не үшін керек? Алау мұз айдынының негізгі қорларын жаңартып, ыстық сумен қамту желісін жөндеу қажет. Ол он жыл бойы ауыстырылмаған. Су тоттанған. Бізге пайда табу үшін белгілі бір уақыт бөлінген. Түскен қаржыға спорт нысанды жөндеп тұруымыз керек. Егер бұл жұмыстарды қазір атқармайтын болсақ, ертең нысан жабылады. Сол кезде балалар басқа мұз айдынын іздеулері керек болады. Осыны түсіну керек.
Қалалық спорт басқармасының өкілдері мұз айдынының толық тегін болатынына кепілдік бермей отыр. Бірақ дау тудырған кесте бойынша ортақ шешім қабылдаймыз дейді.
Гүлназ Оразалина, Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:
- Біз Алау спорт кешенін басқаратын компания өкілдерімен кездестік. Енді олар балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне қосымша уақыт бөлулері қажет. Сонымен қатар елорда құрама командасының спортшылары жаттыға алатын уақыт болуы керек.
Бұл – көптен бері қордаланған мәселе түбегейлі шешіледі деген сөз емес. Өйткені бір ғана мәнерлеп сырғанау бөлімінде 200-ден астам бала жаттығады. Ата-аналардың пікірінше тағы бір жаңа мұз айдынын салу қажет.
Авторлары: Риат Шони, Есбол Жәмшитов