Қостанай облысындағы елді мекенде ауыл әкімі қызметіне іріктеу жиыны өтті
Нәтижесінде ауыл әкімі лауазымына ұсынылған төртеудің екеуі ғана келесі кезеңге өтті.
Жиын басталмай жатып, айғай-шу шықты. Кейбіреулер үміткерге дауыс беруге кіре алмағандығына наразы. Ал талап бойынша әкім қызметіне кандидаттарды іріктеуге ауылдың қоғамдық кеңес мүшелері ғана қатыса алады. Олардың да таңдауы әрқилы. Үміткерлерін қолдап, сөз алғандар арасында эмоцияға ерік бергендер жоқ емес. Талас-тартысқа түскендерді сабырға шақырып, басу айтқандар да болды.
Мыңға тарта тұрғыны бар Қарасу ауылында 40 адам қоғамдық кеңеске мүше. Бүгінгі жиынға сол қырықтың 30-ы қатысты. Әкім қызметіне кандидаттыққа үміткер төртеу. Олардың әрқайсысының аты аталғанда көпшілік қол көтеру арқылы ашық дауыс берді. Сөйтіп 30 адамның 50% астам қолдауына ие болған екі үміткер кандидаттықа өтті.
Әмірхан Асанов, Аманкелді ауданының әкімі:
- Аудандық мәслихатта 12 депутат бар. Бұлар енді солардың алдында сайлауалды науқанын жүргізеді. Аудандық газетте, әлеуметтік желіде өздерінің бағдарламасын жариялайды. Депутаттар соларды сараптай келе сайлайды.
Тұрғындардың бірқатары әкімді мәслихат депутаттары сайлайтындығына көңілдері толмайды. «Егер өзіміз таңдап, тікелей дауыс берсек, талап та, сұраныс та болар еді», – дейді.
Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мемлекет басшысының өз Жолдауында айтқан осы бір сөздері жұртшылықтың пікірімен үндес. Яғни бұл саладағы үлкен өзгерістердің ауылы алыс емес.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг