Атыраулық қызметкерлер жұмыс орнына велосипедпен қатынап жүр
Жаңашылдыққа да бағыттаған сыңайлы. Атыраудағы кейбір мекеме қызметкерлері жұмыс орнына велосипедпен қатынап жүр. Бұл бастама шығын көлемін азайтып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізеді.
Пандемия елге шығын келтіргенімен, жаңашылдыққа да жол ашқаны жасырын емес. Мысалы өңірдегі мұнай айдау компаниясының қызметкерлері игі бастаманы қолға алған. Олар арасы бірнеше шақырым болатын нысанға велосипедпен қатынап жүр.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Бұл кәсіпорындағы ғимараттар бір-бірінен қашық орналасқан. Қызметкерлердің белгіленген жерге дереу әрі қиындықсыз жетуі үшін басшылық осындай үшаяқты велосипед алуды ұйғарыпты. Бұл келетін шығын көлемін азайтып қана қоймай, экологияға да пайдасын тигізеді. Оған қоса жұмысшылардың салауатты өмір салтын сақтауына үлкен сеп болмақ.
Мұндағы жұмысшылар осыған дейін арнайы техникалармен қатынап келген. Ал жаңа жоба аясында алынған астауы бар үшаяқты велосипед қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін қолайлы екен.
Саламат Сәрсенғалиев, мұнай айдау станциясының бастығы:
- Біздің мекемеде жұмысшылардың денсаулығына үлкен назар аударады. Сол себепті де алынған велосипедтер біздің жұмысшылардың денсаулығына көмегін тигізеді.
Қазір жұмысшыларды жиып алып, жиналыс өткізу де мүмкін болмай отыр. Мұнайлы өңірдегі ірі компаниялардың тағы бірі пандемия кезінде өзгеше жоба бастаған. Қызметкерлер бақылау парағы арқылы өз ұсыныстарын басшылыққа жеткізе алады. Сондай-ақ жұмыс барысындағы олқылықтарды да осы парақта көрсетуге мүмкіндік бар.
Ерболат Ерғали, еңбек қауіпсіздігін бақылау инженері:
- Біз қызметкерлердің ұсынысын ескерусіз қалдырмаймыз. Мысалы жұмысшылардан энергияны үнемдеу мақсатында диодты жарық шамдарын қолдану туралы ұсыныс түсті. Басшылық осы ұсынысты дұрыс деп ұйғарды. Біз қазір энергия үнемдейтін шамдарды ауыстырып жатырмыз.
Бақылау парағын екі тілде де толтыруға болады. Ондағы ұсыныстар әр ай сайын басшылыққа жеткізіліп отырады. Сондай-ақ үздік деп танылған ұсыныс иелеріне арнайы сыйлық та табысталады екен.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев