СҚО тұрғындары құстарды өртеуге қарсы
Солтүстік қазақстандықтар осылай деп бекініп отыр. Өңірде құс тұмауының ошағы табылған Новорыбинка елді мекенінің тұрғындары қазір қанаттыларын тығып, қамауда ұстап бағуға мәжбүр. Ауылдықтар жауапты мамандардан сау құстарға екпе жасатуды талап етіп отыр. Ал көбі бұл жаңалықты ести сала қаз-үйректерін қысқы азыққа соя бастаған.
Новорыбинка ауылының тұрғыны Нина Рафальская тауық, үйрек, қаз ұстайды. Негізгі күнкөріс көзі де осы. Құс тұмауы басталғанан бері 100-ге тарта құсын сыртқа шығармай қамап тастаған.
Нина Рафальская, Новорыбинка ауылының тұрғыны:
- Әкімдік қызметкерлері келіп, кімде қанша құс бар екенін санап кетті. «Не үшін?» деп сұрап едік, нақты жауабын айтпады. Естумізше, бәрін өртеп жібермек. Содан бері жұрт құстарын тығып отыр.
Бұл хабарды естіген тұрғындардың дені жаз бойына бағып-қағып өсірген құстарын соя бастаған. Себебі қыста азықсыз қаламыз ба деп алаңдайы.
Алексей Исаев, Новорыбинка ауылының тұрғыны:
- 40 бас үйрегім болды. Амалсыздан сойып тастадым. Қазір кішкентайлары ғана қалды. Қызым өсірді ғой. Бәрі де сап сау. Ал әкімдіктегілер болса барлығын жоямыз дейді. Ауырмаса біз оларды не үшін беруіміз керек?
Мұнда құстар қыркүйек айының басында қырыла бастапты. Бүгінге дейін шамамен 400 бас қанатты өлген. Бірақ соңғы аптада бірде-бір өлім жітім тіркелмеген.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Ауылда құс тұмауының ошағы табылғаннан бері жергілікті халықтан маза кеткен. Қазір тұрғындар құстарын қамауда ұстап отыр. Тіпті көшеде жайылып жүрген қанаттыларды да кездестірмейсің қазір.
Жауапты мамандардың пайымдауынша аталған ауылда 2800-ге жуық құс бар. Енді талап бойынша жақын күндері олардың барлығы өртелетін болады.
Владимир Юртов, Жамбыл аудандық бас ветеринарлық дәрігердің міндетін атқарушы:
- Індет табылған аумақтан барлық құс жойылады. Ол ауру, не сау болсын бәрібір. Заң сондай. Мұнда екпе жасатылмайды. Ережеге бағынуымыз қажет. Халық қазір мұны дұрыс түсінбей, шу шығарып жатыр. Сәйкесінше тұрғындарға өтемақы төленеді. Ол үшін комиссия құрылды.
Новорыбинка қазір карантинге жабық. Ауылдың шетіне блок-бекет орнатылып, мамандар күні-түні кезекшілікке көшті. Яғни бұл жерден құс еті мен өнімдерін тасымалдауға шектеу қойылды.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев